Зейнетақы қорындағы қаржының инвестициялық табысы инфляциядан аса алмай жатыр

Соңғы 12 айда қазақстандықтардың зейнетақы жинағы инфляция қысымын сезінді. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қарашаға дейінгі кезеңде жылдық инфляция 12,4% болды. Ал осы уақытта зейнетақы активтерінің табыстылығы тұрғысынан әр басқарушы әртүрлі нәтиже көрсетті.
БЖЗҚ деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 желтоқсанда жалпы зейнетақы активтері 25,8 трлн теңгеге жетті. Оның шамамен 25 трлн теңгесі Ұлттық банк басқаруында, ал 80 млрд теңгеден астамы инвестициялық портфель басқарушыларына (ИПБ) берілген.
Ұлттық банк: табыс инфляциядан төмен
Соңғы 12 айда Ұлттық банк зейнетақы активтерінен шамамен 2,23 трлн теңге инвестициялық табыс есептегенімен, табыстылық деңгейі 9,69%-ды ғана құраған. Бұл сол кезеңдегі инфляция деңгейінен айтарлықтай төмен. Яғни, нақты мәнде зейнетақы жинақтарының сатып алу қабілеті қысқарды.
Ұлттық банк портфелінің құрылымы консервативті. Активтердің 43%-ы – Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына, 9%-ы квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына салынған. Сонымен қатар портфельдің 41%-дан астамы АҚШ долларымен сақталған.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтердің табыстылығы одан да төмен – 8,07%. Бұл қаражаттар түгелге жуық теңгелік құралдарға, негізінен мемлекеттік облигацияларға орналастырылған.
Жеке басқарушылар: нәтижелер әркелкі
Ұлттық банкпен салыстырғанда ИПБ-лардың көрсеткіші сәл жақсы болды. Алайда олардың басым бөлігі де инфляцияны еңсере алмады:
- Alatau City Invest – 11,11%,
- Halyk Global Markets – 10,50%,
- BCC Invest – 10,13%,
- Halyk Finance – 9,45%.
Бұл басқарушылардың портфельдері анағұрлым әртараптандырылған: мемлекеттік және корпоративтік облигациялармен қатар ETF пайлары, шетелдік бағалы қағаздар, РЕПО операциялары бар. Портфельдің шамамен 30–40%-ы доллармен номинацияланған.
Инфляциядан озған жалғыз басқарушы
Соңғы 12 айда инфляциядан нақты түрде оза алған жалғыз компания – «Сентрас Секьюритиз». Ол басқарған зейнетақы активтерінің табыстылығы 15,72% болды.
Компания портфелінде квазимемлекеттік және банктік облигациялар басым, сонымен қатар АҚШ мемлекеттік облигациялары мен акциялар да бар. Валюталық құрылым да теңгерімді: шамамен 31% – долларлық активтер.
Таңдау құқығы бар
2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналарының 50%-ына дейін, ал ерікті жарналарды толықтай жеке компаниялардың басқаруына бере алады.
Қысқа мерзімде айырмашылық айқын байқалса да, зейнетақы активтерінің тиімділігі түптеп келгенде жылдармен өлшенеді.
Қазақстандықтар биыл 11 айда зейнетақы қорынан тұрғын үй мен ем-домға 1 трлн теңге алған.