
«Kundelik» ЖШС желіде жеке деректердің таралуы жөніндегі ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады.
Компания мемлекеттік органдар жүргізген тексеру пайдаланушылар үшін елеулі қауіп жоқ екенін растағанын хабарлады.
«Біз Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің және ҚР ҰҚК қызметкерлері «Күнделік» ЖШС-ны пайдаланушылардың жеке деректерінің ықтимал таралуы туралы Telegram мессенджерінде таратылған мәлімдемелерге қатысты тексеру жүргізгенін хабарлаймыз. Тексеру нәтижелері бойынша қоғамдық талқылауға түскен ақпарат «Күнделік» жүйесінің 2016 жылғы пайдаланушыларына тиесілі тек тіркеу деректеріне қатысты екені анықталды. Аталған деректер қазір өзектілігін жоғалтқан және пайдаланушыларды сәйкестендіруге мүмкіндік бермейді», – делінген мәлімдемеде.
Атап айтқанда, бүгінде пайдаланушылардың аты-жөні, сыныбы мен мектебі, сондай-ақ парақшаларға сілтемелер жарамсыз әрі жұмыс істемейді. Нақтысында, 2016 жылы тіркелген аккаунттар қазіргі таңда оқуын аяқтаған немесе көрсетілген деректер бойынша сәйкестендіру мүмкін емес ересек адамдарға тиесілі.
Cонымен қатар компания 2016 жылы тіркеу деректерін жинау мектептер мен ата-аналар арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы шарттарды жасау рәсімдеріне сәйкес жүзеге асырылғанын атап өтті.
«Аты-жөні, сыныбы және мектебі туралы деректерді оқушыларды қабылдау мен ауыстыру процесін қамтамасыз ету мақсатында жүйе әкімшілері – мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі жинаған. Сондай-ақ мұндай тіркеу деректерінің сынып жетекшілері тарапынан ата-аналар чаттарында WhatsApp және Telegram сияқты мессенджерлер арқылы өзге де білім беру жүйелерінде кеңінен қолданылатынын атап өтеміз. Бұл деректерге қолжетімділік авторизацияланған ортада беріледі, алайда кей жағдайларда пайдаланушылар «цифрлық гигиена» қағидаларын сақтамауы олардың аккаунттарының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін», – делінген мәлімдемеде.
«Күнделік» компаниясы тексеру нәтижелері туралы ақпараттың кейбірі Telegram-арналар мен бұқаралық ақпарат құралдарында тексеру толық аяқталмай тұрып жарияланғанын тіркеген.
«Біз мұны компаниямызды және Қазақстандағы ең ірі білім беру жобаларының бірі – «Күнделік» жүйесін дискредитациялауға бағытталған әрекет ретінде бағалаймыз. Компания заңнамада көзделген барлық құқықтық қорғау тетіктерін қолдану құқығын өзіне қалдырады», – делінген мәлімдемеде.
Бұған дейін БАҚ-тар мен желілерде Қазақстанда оқушылар мен олардың ата-аналары қолданып жүрген Kundelik электронды порталында бірнеше мың пайдаланушының деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болған еді.
Ресейдің «Дневник.ру» сервисінің аналогы саналатын порталда оқушының аты-жөні, туған күні, оқитын мектебі мен сыныбы туралы ақпараттар сақталған. Одан бөлек, ата-аналар күнделіктің түн ортасында «балаңыз мектепке жетті» деген хабарлама жіберетінін сынға алған.
Айта кетейік, бұған дейін миллиондаған адамның жеке дерегі қалай тарап кеткені жайлы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің түсініктемесін жазған едік.