
Ішкі істер министрлігі ауа райына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады.
Ведомство аса қажеттілік болмаса, үйден шықпауға, алыс сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берді.
Ал көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдықты асырмағаны жөн. Жолда маневр жасаудан аулақ болғаны дұрыс.
Сондай-ақ полиция көліктер арасындағы арақашықтықты сақтауды сұрады.
«Қолайсыз ауа райы жолдарда және қоғамдық орындарда қауіп-қатерді арттырады. Азаматтарды жауапкершілік танытып, қауіпсіздік шараларын сақтауға және төтенше қызметтердің ресми хабарламаларын қадағалап отыруға шақырамыз», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, Астанада ауа райына байланысты ұшып келуге тиіс болған 11 рейс кешігіп жатыр. Одан бөлек бір рейс қала әуежайынан ұшып шықпаған.
Сондай-ақ қалада 30 желтоқсан түске дейін 100-ден аса жол апаты тіркелген.
