Президент 252 сағатын ұшақта өткізді: Ақорда жыл қорытындысын жариялады

Қазақстан президенті биыл 23 рет шетелге шығып, 30 елдің басшысын республикада қарсы алды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
Президент бір жылда Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барған.
ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды.
Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды.
Осылайша президент ішкі және сыртқы рейстерді қосқанда 252 сағат уақытын ұшақта өткізді.
Ал шет мемлекет басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келді. Арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения, Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.
Айта кетейік, 2025 жылы ел нарығына бірқатар жаңа авиакомпания кірді. Бұдан бөлек, 35-тен астам жаңа бағдар, соның ішінде тұңғыш рет Шанхай, Гуанчжоу мен Мюнхенге тікелей рейстер ашылды.
Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай құрылысы басталды. Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Қызылжар – Мойынты екінші жолының, Алматы маңындағы айналма жолдың, Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүріп жатыр.
Шетелдік сапарларда сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән берілген. Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды.