
2026 жылы қазақстандықтар мерекелерге орай 15 күн демалады. Одан бөлек аптасына бес не алты күн жұмыс істейтініне қарай демалыс күндері бар. Kursiv.Media 2026 жылы мерекеге берілетін демалыс күндерін тізіп шықты.
Жыл басында әдеттегідей демалыс болады. 1-2 қаңтарға Жаңа жылға байланысты демалыс берілген. 3-4 қаңтар сенбі-жексенбіге түсіп тұр, аптасына бес күн жұмыс істейтіндер осылайша төрт күн қатарынан демалады. 7 қаңтарда православиялық Рождество үшін демалыс беріледі.
Ақпанда мереке жоқ, сол себепті артық демалыс та қарастырылмаған. Алайда наурыз мереке мен демалысқа толы. 2026 жылы 8 наурыз жексенбіге түсіп тұр, сол себепті демалыс дүйсенбі – 9 наурызға ауысады. Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер үш күн қатарынан демалады.
21-23 наурызда Наурыз мейрамы. 21-22 наурыз сенбі-жексенбіге түсіп тұр, сол себепті 24-25 наурызға ауысады. Осылайша қазақстандықтар 21-25 наурыз аралығында бес күн демалады.
Одан кейін сәуірде демалыс жоқ. Алайда мамырдың басы демалысқа толы. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл екі күн жұмыс күніне түскен, ол күндері демалыс беріледі. Ал 9 мамыр – Жеңіс күні сенбіге түскен. Мереке үшін 11 мамырда (дүйсенбі) демалыс беріледі.

2026 жылы Құрбан айттың бірінші күні 27 мамырға тура келеді. Ол күні де демалыс қарастырылған.
Қазақстандықтар маусымда мерекеге орай демалмайды, шілдеде бір күн демалыс бар. 6 шілде – Астана күні. Соған байланысты дүйсенбіде демалыс беріледі.
Жаздың демалыстарын 31 тамызбен түйіндейміз. 30 тамыз – Конституция күні, демалыс 30 тамыз жексенбіден 31 тамыз дүйсенбіге ауыстырылады.
Қыркүйекте демалыс жоқ, ал қазанда Республика күні тойланады. 2026 жылы 25 қазан жексенбіге түсіп тұр, сол себепті демалыс дүйсенбіге ауысады. Қарашада мереке күндері жоқ, ал желтоқсанда Тәуелсіздік күні тойланады. 16 желтоқсанда бір күн демалыс беріледі.