
Сауд Арабиясы сейсенбі күні таңсәріде Йемендегі портты қала – әл-Мукаллаға әуе соққысын жасады.
SPA агенттігінің мәліметінше, соққы нысанасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласынан келген екі кеме болған. Аталған кемелер БАӘ қолдайтын Оңтүстік өтпелі кеңес (ОӨК) күштеріне «көп мөлшерде қару-жарақ пен әскери техника» жеткізген.
БАӘ кемелері неге жойылды?
Әскери мәлімдемеде айтылғандай, кемедегі қару-жарақ қауіп төндіріп, жағдайды ушықтыруы мүмкін болғандықтан, коалицияның әскери-әуе күштері бүгін таңертең портта екі кемеден түсірілген қару мен әскери техниканы жою үшін шектеулі әскери операция жүргізген.
Сауд Арабиясының әскери өкілдері шабуыл түнде жасалғанын, соның арқасында «жанама шығындардың алдын алу» көзделгенін мәлімдеді.
Қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ.
Йемендегі қарсыласушы күштер
Желтоқсан айында ОӨК елдің оңтүстігіндегі бұрын халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметі басқарған екі провинцияны өз бақылауына алған.
Кейін ОӨК басшысы Айдарус Қасем Абдул Азиз аз-Зубейди енді елдің солтүстігін, оның ішінде астана Сана қаласын бақылауда ұстап отырған хуситтерге қарсы операция бастаудың уақыты келгенін айтқан.
ОӨК құрамындағы күштер Йеменнің оңтүстік аймақтарын бөлу идеясын да қолдайды.
Йемендегі қақтығыс 2014 жылы басталды. Сол кезде Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана мен Йеменнің солтүстігінің басым бөлігін басып алды. 2015 жылы қақтығысқа араласқан араб коалициясы Йемен үкіметінің әскерін қолдайды.
Мұның алдында Сауд Арабиясының шөл даласына 30 жылда алғаш рет қар жауған еді.