Трамп, Газа және Эпштейн тізіміндегі қазақтар: 2025 жылғы маңызды жеті оқиға

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
2025 жылғы маңызды он оқиға
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жыл адамзат үшін аса жағымсыз, бірақ маңызды оқиғаларға толы болды. Әсіресе биыл түрлі қарулы қақтығыстар мен жанжалдар саны шамамен 60-қа артып, Жылан жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері ең тұрақсыз кезең ретінде тарихта қалды. Мемлекеттер арасындағы араздық күрт көбейгенін байқаған сарапшылар әлем терең дағдарысқа ұшырады деп бағамдады. Kursiv.Media өтіп бара жатқан жылға тағы бір көз жүгірдіп, ең маңызды деген жеті оқиғаны тізіп шықты.

Трамп – әлем әміршісі

Жыл әлемдегі ең ықпалды елде биліктің ауысуымен басталды. Дональд Трамп 2024 жылдың аяғында президент сайлауында жеңіске жеткенімен, Ақ үйге осымен екінші мәрте кірген саясаткерді ұлықтау рәсімі биыл қаңтарда өтті.

Трамп
Дональд Трамп және миллиардер Илон Маскінің ұлы / фото: REUTERS

Трамп таққа жайғасқан күні ондаған жарлық шығарып үлгерді. Өзіне қатысты қылмыстық істердің бәрін қысқартып, 2021 жылғы қаңтарда Капитолийдегі бүлікке қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді. Сосын экс-президент Джо Байден шығарған көптеген шешімнің күшін жойды.

Американы қайтадан ұлы державаға айналдырмақ болып, сыртқы саясатта Құрама Штаттардың ең жақын одақтас достарына дейін шүйлікті. Баж салығын бірден көтеріп, әлемде «сауда соғысын» бастап кетті. Қосақ арасында Қазақстан да кете барды – 1 тамыздан бастап тариф 25% деп белгіленді.

Әлем елдері Ақ үй қожайынының алдынан өтуге мәжбүр болды. Шамамен сол кезде оны «әлем әміршісі» деп те атай бастады. Бес соғысты тоқтатқаным үшін Нобель сыйлығын бермедіңдер деп бұлданғанына қарағанда, мұндай сипаттама Трамптың өзіне ұнайтын сияқты.

Трамптың тариф тоқпағына төзбей, мінез танытқан Қытай ғана. Си Цзиньпин АҚШ-тың өзіне баж салығын енгізе салды. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы нарықты әбден шайқады. Акциялар құлдырап, алтын қатты қымбаттады. Іс насырға шапқанын түсінген тараптар ұзақ тартыстан кейін келіскенімен, оның салқыны әлі сезіліп тұр.

Газа секторы
Үйіндіге айналған Газа секторы / фото: REUTERS/Dawoud Abu

Газа және тәуелсіздік

«Соғыс аяқталды» деді Дональд Трамп 2025 жылғы 13 қазанда Израильге ұшып барып. Газа секторының тұрғындары екі ауыз сөзді ести алмай, екі жыл бойы қатты жиналды. Израиль мен ХАМАС арасындағы қанды қақтығыс қаншама мың адамның тағдырына балта шапты.

Таяу Шығыстағы бұл соғыс 2023 жылғы 7 қазанда басталған. Сол күні ХАМАС қарулы топтары Израильдің оңтүстігіне басып кірген.

Израиль армиясының Газа секторына шабуылдарынан шамамен 70 мың палестиналық қаза тапты. 193 мың ғимарат қирады немесе зақымданды. Олардың арасында жүздеген аурухана мен мектеп бар.

Әлем елдері Палестина тәуелсіздігін мойындап жатыр. Ал үйіндіге айналған Газаны қалпына келтіруге 70 млрд доллар, ондаған жыл қажет. Ең бастысы – соғыс тоқтады. Сектор тұрғындары өміріндегі ең тәтті сөзді естіді, оны шамасы жеткенше тойлады.

Газа тұрғындарына әуеден тасталған гуманитарлық көмек / фото: REUTERS/Hatem Khaled
Газа тұрғындарына әуеден тасталған гуманитарлық көмек / фото: REUTERS/Hatem Khaled

Украина және «Өрмекші торы»

Украиналықтар да екі ауыз сөзге зәру. Екі айдан соң Ресей мен Украина арасындағы соғысқа төрт жыл толады. Бауырлас елдер арасындағы қырғыннан нақты қанша адам қаза тапқанын ешкім білмейді – тараптар мұндай деректі құпия ұстап отыр. Бірақ тәуелсіз сарапшылар жүздеген мың адам мерт болып, 1 миллионнан астам адам зардап шекті деп топшылайды.

Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің Ватикандағы кездесуі / фото: REUTERS

2025 жылғы 1 маусымда украин арнайы қызметі жүзеге асырған «Өрмек» («Павутина») операциясы – соғыс тарихындағы ең батыл шабуылдардың бірі. Бір жарым жыл бойы мұқият дайындалған құпия миссияда агенттер жүк көліктеріне жасырылған контейнерлер арқылы ондаған дронды Ресейдің ішкі өңіріне жеткізді. Контейнерлер шатыры астынан ұшқан дрондар Мурманскіден Иркутскіге дейінгі алыс әуе базаларына бір мезетте соққы берді. Өрмекші торы сияқты кең жайылған шабуыл Ресейдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтарына ауыр соққы беріп, федерацияны миллиардтаған шығынға батырды.

Дегенмен «Өрмек» Гомер жырлаған Троя аты бола алмады – соғыс аяқталған жоқ. Әлем елдері мен лидерлері қанша тырысқанымен, қастасқан бауырлас елдерді татуластыра алмай жүр.

Непал: Gen Z жастар революциясы

Заман өзгерген сайын соғыс жүргізу тәсілі ғана емес, себебі де түрленіп барады. 2025 жылғы қыркүйекте Непалда бұрқ ете қалған «Gen Z жастар көтерілісі» соған дәлел. Бәрі әлеуметтік желілерге (Facebook, Instagram, YouTube, TikTok сияқты 26 платформа) тыйымнан басталды. Үкімет оны «реттеу» деп түсіндірсе де, жастар сөз бостандығын шектеу, жемқорлықты жасыру әрекеті деп қабылдады.

Непалдағы жастар көтерілісі / фото: AP

Discord пен Instagram арқылы үйлестірілген жетекшісіз қозғалыс Катмандуда мыңдаған студент пен жас маманды көшеге алып шықты. Олар «Жастар жемқорлыққа қарсы!» деп ұрандатты.

8 қыркүйектегі бейбіт митинг полиция күшімен басылды: ондаған адам оққа ұшып, жүздеген адам жараланды. Қанды қырғын наразылықты одан сайын өршітті – шерушілер парламент ғимаратын өртеп, үкімет нысандарына шабуылдады. Екі күннің ішінде премьер-министр, бірнеше министр қызметтен кетті.

Көтерілістен соң бұрынғы судья Сушила Карки уақытша премьер-министр қызметіне кірісіп, Непалда үкімет басқарған алғашқы әйел атанды. Discord-та көпшілік таңдауымен билікке келген үкімет әлеуметтік желілерге тыйымды алып тастап, жемқорлықты тергеу комиссиясын құрды. Азиядағы шағын елде мерзімінен бұрын сайлау 2026 жылғы наурызға тағайындалды.

«Gen Z көтерілісі» Непалдың саяси жүйесіндегі терең дағдарысты ашып көрсетті: енді билік жастар үнімен санасады.

«Kiss cam» дауы

Әлеуметтік желілер ғана емес, кейінгі бірнеше жылда трендке айналған «kiss cam» камерасы да бүкіл әлемге жайылған дау тудыра алатынын биыл білдік.

2025 жылғы шілдеде Coldplay тобының Бостон қаласындағы концертінде «kiss cam» камерасы VIP ложадағы екі адамға түсті. Astronomer компаниясының бас директоры Энди Байрон мен HR бөлімінің басшысы Кристин Кэбот осы сәтте құшақтасып тұрған еді. Экранға шыққанын көрген екеу камерадан жасырынуға тырысты: Байрон еңкейіп, Кэбот бетін жауып қалды.

фото: @calebu2/TM

Осы сәтті көрермендер түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеп жіберді, ал топ әншісі Крис Мартин: «Не болды? Екеуінің арасында роман бар ма, әлде ұялды ма?» деп қалжыңдады. Видеоны бірнеше сағатта миллиондаған адам көріп, бүкіл әлемге вирус боп тарады.

Интернет детективтері жұмысқа кірісіп үлгерді: екеуінің кім екені тез анықталды, қызметтестер хикаясы әшкере болып қалды. Әлеуметтік желілерде #coldplaygate хэштегі трендке айналып, мемдер мен пародиялар, айыптаулар да толассыз жауды. Компанияға қысым күшейіп, Байрон мен Кэбот қызметтен кетуге мәжбүр болды.

Осы оқиға жеке өмір құпиясы, жұмыс этикасы және әлеуметтік желі күші туралы қызу пікірталас туғызды.

Эпштейн және қазақтар

2025 жылғы тағы бір даулы оқиға – Джеффри Эпштейн ісіне қатысты файлдардың жаппай жариялануы. АҚШ Әділет департаменті желтоқсанда мыңдаған құжат, фотосурет және басқа материалды жарыққа шығарды. Онда Эпштейннің әйгілі адамдармен байланысы (Билл Клинтон, Дональд Трамп және басқа да тұлғалардың суреттері), ұшу журналдары, тергеу мәліметтері бар.

Сондай құжаттардың бірі Эндрю ханзаданы бүкіл атағынан айрып, сарайдан қуды.

Желтоқсанның ортасында мекеме қосымша құжаттар шығарды. Материалдардың бірінде Трамптың Эпштейн ұшағында бірнеше рет ұшқаны айтылды. «Зорлық жасаған ба?» деген күдік пайда болды.

Трамп Эпштейн файлдары
фото: shutterstock

Департамент мәліметінше, Эпштейн ісіне қатысты тағы бір миллионнан астам құжат табылды. Сондықтан оның бәрін толық шығару бірнеше аптаға кешігуі мүмкін. Мәліметтердің бәрін жариялауды талап етушілер көп.

Құпия құжаттарда Қазақстан туралы да мәліметтер бар. Мәселен, 2024 жылы Эпштейннің паспортына қатысты құжаттар жарияланған. Онда қаржыгер Қазақстанға да сапарлап барғысы келетінін айтқан.

Архивтегі іс-қағаздың бірінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиев арасындағы жанжал туралы жазылған. Әлиев қайын атасымен күресте АҚШ-тың қолдауына ие болуға тырысқанға ұқсайды.

Тағы бір құжатта Эпштейн лоббистер арқылы конгресмен Даррелл Иссаға ықпал етуге тырысқаны айтылады. Исса сонау 2008 жылы Назарбаевты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғандардың бірі.

Сол себепті әлі жарияланбаған бір миллион құжатта басқа да қазақтардың есімі шығып қалуы әбден мүмкін.

Лувр және ғасыр ұрлығы

2025 жылғы 19 қазанда Париж қаласындағы Лувр музейінің Аполлон галереясында болған ұрлық өнер тарихындағы айтулы оқиғалардың біріне айналды. Құрылыс жұмысшысы киімін киген төрт қарақшы бірінші қабаттағы терезені сындырып кіріп, сегіз минуттан аз уақытта Франция патшасына тиесілі сегіз құнды зергерлік бұйымын – диадемалар, алқалар мен түйреуіштерді ұрлап кетті. Құны шамамен 88 млн еуроға бағаланған жәдігерлер арасында Eugénie тәжі де бар.

фото: REUTERS / Gonzalo Fuentes

Ұрлық күндіз, музейде адамдар жүрген уақытта жасалған. Қарақшылар мотороллерлермен қашып үлгерді. Ал дабыл жүйесі кеш іске қосылған.

«Ғасыр ұрлығы» Лувр қауіпсіздік жүйесіндегі кемшіліктерді ашып көрсетті. Музей бір күнге жабылып, тергеу басталды. ДНҚ іздері мен ұрланған көлік арқылы бірнеше күдікті ұсталды, бірақ жәдігерлер әлі табылған жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз