
Құтқарушылар Ақтөбе және Қарағанды облыстарында жолда тұрып қалған 100-ден астам жолаушыны жылы жерге эвакуациялады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында республикалық маңызы бар автожолда қозғалыстың шектелуіне байланысты Қарабұтақ ауылындағы блок-бекетте 78 жолаушысы бар екі автобус қалып қойды.
Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданында, жабық жол учаскесінің алдында орналасқан Топар кентіндегі блок-бекетте 56 жолаушысы бар бір автобус тоқтап қалды.
Құтқарушылар, полиция өкілдері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері автобустардан жүзден астам адамды жақын маңдағы жылыту пункттеріне орналастырды. Олардың ешқайсына медициналық көмек қажет болған жоқ.
Министрлік ауа райы нашарлаған жағдайда елдімекеннен тыс жерлерге шықпауға кеңес береді.