Жаңалықтар

Тоқаев Путинмен телефон арқылы сөйлесті

Тоқаев Украина қақтығысын реттеу бойынша да айтып өтті/фото: kursiv.media архиві

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшылары екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылаған.

Сондай-ақ Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы биыл мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өткен.

«Негізгі жетістіктердің бірі ретінде екі елдің байланысы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткенін айтуға болады. Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.

Қазақстан президенті Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап, өзара берік уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екеніне тоқталды», – деп хабарлады Ақорда.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын жеткізіп, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты.

Әңгімелесу соңында мемлекеттер басшылары бір бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қос халыққа бақ-береке тіледі.