
АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның кеңесшілері дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен.
Сол кезде Трамп Израиль басшысынан Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы оккупацияланған аумақтарға қатысты саясатты өзгертуді сұраған. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасаған Axios хабарлады.
Дереккөздердің айтуынша, Трамп пен оның командасы Батыс жағалаудағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Нетаньяхудан арандатушылық қадамдардан бас тартуды және «жағдайды тұрақтандыруды» өтінген.
Америкалық шенеуніктің айтуынша, Ақ үй Батыс жағалаудағы зорлық-зомбылықтың ушығуы Газа секторына қатысты бейбіт келісімді жүзеге асыруға бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіріп, «Авраам келісімдерінің» аясын кеңейтуге кедергі келтіреді деп санайды.
Басылыммен сөйлескен дереккөздер америкалық ресми тұлғалар Батыс жағалаудағы саясатты өзгерту Израильдің Еуропа елдерімен қарым-қатынасын қалпына келтіру және «Авраам келісімдерін» кеңейту үшін шешуші маңызға ие екенін ерекше атап өткенін жеткізді.
Мұның алдында Украина президенті Владимир Зеленский Флоридадағы Трамппен келіссөздерді қорытындылаған еді.