
Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 35 спортшы барады. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов осы спортшылардан тым болмағанда бір медаль күтетінін айтты.
Үкіметтегі жиында Kursiv.Media тілшісі министрден Миланда өтетін Олимпиададан қанша медаль күтетінін сұрады. Мырзабосынов бір медаль үшін барын салып жатқанын мәлімдеді.
«Сегіз олимпиадада 1994 жылдан бастап бес-ақ спортшы медаль алған. Өкінішке қарай, 2018 жылдан бері бірде-бір медаль жоқ. Сондықтан біз сол бір медальді алу үшін барымызды салып жатырмыз. Ғылыми тұрғыда дайындық әдістемелер, мамандар тартып, сол бағыттың бәрін күшейтіп жатырмыз. Әрине, мұның бәрі жасалса да, жеке сол бір сәтте барлығы спортшының эмоционалдық күйіне, психологиялық күйіне, денсаулығына байланысты болады. Бірақ бүгінгі күні министрлік әкімдіктермен, федерациялармен бірлесіп, көптен болмаған медальді алуға әрекет етіп жатырмыз, – дейді ол.
Қысқы Олимпиаданың дайындығына 13,3 млрд теңге бөлінген. Ойындар Италияның Милан және Кортина-Д’Ампеццо қалаларында 6 – 22 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Қазақстаннан 35-ке жуық спортшы барады. Ал өткен қысқы Олимпиадаға 34 спортшы қатысқан.