
Renault компаниясы Үндістан нарығына арналған жаңа Duster кроссоверінің тизерін ресми түрде жариялады. Көлік 2026 жылдың 26 қаңтарында таныстырылады. Бұл – танымал модельдің үшінші буыны.
Франциялық бренд бұл жолы заманауи дизайн мен жергілікті тұтынушылар талғамына сай бейімдеуге басымдық берген.
2026 жылғы Үндістанға арналған Duster еуропалық нұсқасынан едәуір өзгеше. Оның жарықдиодты күндізгі шамдары өзгерген, ал артқы шамдары тұтас LED жолақпен біріктірілген. Бұл шешім көліктің заманауи келбетін айқындап, бәсекелестер арасында ерекшеленуіне ықпал етеді.
Жаңа Duster бұрын дәлелденген платформа негізінде жасалғанымен, стиль тұрғысынан жаңартылып, техникалық жағынан да жетілдірілуі мүмкін. Қозғалтқыштар, трансмиссия және жабдықталуы туралы нақты мәліметтер көліктің таныстырылымына жақын кезде белгілі болады. Дегенмен қазірдің өзінде Renault бұл модельді Үндістандағы орташа көлемді SUV сегментіндегі басты ойыншылардың біріне айналдыруды көздеп отырғаны анық.
Renault Duster Қазақстанда
Айта кету керек, Renault Duster қазақстандық жүргізушілерге бұрыннан таныс. 2012–2013 жылдары сатылымға шыққаннан кейін бұл модель қарапайым құрылымы, сенімділігі және ТМД жолдарына жақсы бейімделуі арқасында өз класының танымал көліктерінің біріне айналды. Екінші буыны ел ішінде сатылып, 2021 жылдың соңында Қостанайда кроссовердің сериялық өндірісі басталды. Бұл брендтің Қазақстандағы позициясын уақытша күшейтті.
Қазір екінші нарықтан 2012–2015 жылдардағы көліктерден бастап, жаңарақ нұсқаларына дейінгі Duster-лерді табуға болады.
