Мәжілістегі «жаға ұстатқандар» немесе депутаттардың «хит» мәлімдемелері

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылы депутаттардың мінберден айтқан көптеген сөзі ел ішінде қызу талқыланып, әлеуметтік желілер мен баспасөздің басты тақырыбына айналды. Бірі жұрттың көкейіндегі мәселені дөп басып, қолдауға ие болса, енді бірі қисынсыз ұсынысымен сынның астында қалды. Кейбір депутаттардың мәлімдемелері тіпті мемге айналып, күлкілі трендке ұласқаны да рас. Айтылған сөз – атылған оқ. Ал саясат сахнасында айтылған әрбір сөз қоғам назарынан тыс қалмайды. Кursiv.Мedia тілшісі ел есінде қалған, қоғамда резонанс тудырған, сын мен дауға іліккен, тіпті күлкіге қалған депутаттық мәлімдемелерге шолу жасап шықты.

«Мамасының баласы»: анасын 70 жас мерейтойымен құттықтаған депутат

2024 жылы Түркістанды арақсыз қала қыламыз деп бірнеше рет бастама көтерген, марқұм Шерзаттың Талғар маңындағы қаралы үйіне мобилограф ертіп барып басы дауға қалған Ардақ Назаров биыл да ел назарында болды.

Назаров мәжілістің төртінші сессиясының алғашқы отырыстарының бірін анасын құттықтаумен бастады. Мәжілістің ресми жиынында депутат сауал жолдамас бұрын анасын 70 жас мерейтойымен құттықтап, ағынан жарылып ақжарма тілегін жеткізді.

«Бүгін менің анашымның туған күні, 70 жасқа толды. Құттықтауға рұқсат етсеңіз (Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа). Қадірлі анашым, (сізді) туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге, жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетейым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, Құдай бере салған немерелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым мен сізді қатты жақсы көремін. Сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың анаңыз аман болсын», – деді Назаров.

Назаровтың бұл әрекеті күллі интернетті жаулады. Қазақстандықтар парламент қабырғасы құттықтау жолдайтын емес, ресми заң шығарып, сауал тастайтын орын екенін жазды. Дегенмен оның қадамын үлгі тұтып, оны жақтап жатқандар да болды.

Еділ Жаңбыршин: Дональд көкеден жалынды сәлем…

Еділ Жаңбыршиннің ЛГБТ-ны қолдағандарды жазалауды талап еткен ұсынысы да қоғамда қызу талқылынды. Жаңбыршин ЛГБТ өкілдері мен сыбайластары депутаттарға және олардың отбасы мүшелеріне ақпараттық шабуыл жасап жатқанын айтты. Тіпті қос жыныстылардың саясатын қолдамаған АҚШ президенті Дональд Трамптың да сәлемін жеткізді.

«Осы тұста, барлық қызтекелерге «Дядя Дональдтан» жалынды сәлем!»,- деді Жаңбыршин депутаттық сауалында.

Жаңбыршиннің ЛГБТ белсенділерімен сөзге келіп қалғаны да ел назарына ілікті. Ол ЛГБТ белсендісі Жанар Секербаевамен дауласты. Жаңбыршин белсенділер уәжіне жауап беру кезінде өзін гетеросексуал екенін айтып қалды.

«Сендер манипуляциямен айналысып отырсыздар. ЛГБТ өкілі болуға тыйым жоқ. Жұбайыңызбен немесе зайыбыңызбен, өздеріңіз қалай атаушы едіңіздер, олармен үйде не істесеңіздер де, оған ешкімнің қатысы болмайды. Заң насихатқа тыйым салады. Мен өзімнің гетеросексуал екенімді насихаттамаймын ғой», – дейді депутат.

Депутаттық роман

Депутаттардың мінбердегі мәлімдемесінен бөлек, кейбірінің жеке өмірі қоғам назарын аударды. Солардың бірі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев. Әңгіме Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұрайым Шақимергенмен арақатынасы және одан ұлы бар деген қауесет жайлы. Тіпті оны өз «тоқалына» депутаттық мандатын «беріп», некесіз баласын жасырды деп айыптады. Ал Қырықбаевтың өзі депутаттық орынды ешкімге сыйламағанын айтып ақталды, ал ұлы барын ашық мойындады.

Мәжілісмен Нұрайым Шақимерген оның тоқалы деген әңгімеге нақты жауап бермеді. Ондай сұрақ жеке өміріне қатысты екенін айтады.

«Ол тоқал ма, әлде басқа біреу ме – бұл менің жеке өміріме қатысты сұрақ. Жеке өмірім болғандықтан, отбасылық құндылықтарды сақтау үшін бұдан артық ештеңе айтпаймын. Балаға келсек – ол менің ұлым. Оған өз атымды бердім. Алланың алдында да, адамдардың алдында да жасырып отырған жоқпын», деген болатын депутат.

Дәулет Мұқаев төңірегіндегі даулар

Биыл депутат Дәулет Мұқаевқа сын жиі айтылды. Ол депутаттыққа дейін ипотекалық бағдарламалар, қаржылық сауаттылық, декреттік төлемді көбірек алу сияқты курстар сататын, қайырымдылықпен айналысатын блогер ретінде танылған. Оның осы декреттік төлемдер туралы курстарынан кейін жеке кәсіпкерлік рәсімдеп, бірнеше ай жоғары жалақы көрсетіп жоғары төлем алатын әйелдер көбейген. Бұдан бюджетке қыруар шығын келген. Қазіргі уақытта табысын жасанды түрде көбейткен 113 әйелге қатысты қылмыстық іс ашылған.

Мұқаев болса кезінде өз сабағында келіншектерді қитұрқы әрекеттерге үйретпегенін, тек заңды жолмен декреттік төлем алу тетіктерін көрсеткенін мәлімдеді.

Мұқаевтың бүлдіршіндердің тұсауын кескені де «хит» болған еді. Депутат сәуір айында Instagram-дағы парақшасында «оптом» тұсау кесемін деп хабарландыру берген. Мұны естіген 50 адам кезекке тұрған. Депутаттың өзі мұнша адам 12 минуттың жазылып үлгергенін сүйіншіледі. Заң шығарушы орган өкілі болса, желіде тұсау кесетінін жар салуды әбестік санамайды.

Бұдан бөлек Дәулет Мұқаевқа Сара Назарбаеваға қатысты ақпарат таратқаны үшін ақталуға тура келді. 14 мамырда бірқатар БАҚ, телеграм арналар мен танымал тұлғалар экс-президенттің жұбайы Сара Алпысқызы өмірден өткені жайлы ақпарат таратты. Артынша оның қайтыс болғаны туралы ақпарат ресми түрде жоққа шығарылды. Мұқаев та алғашқылардың бірі болып қаралы хабар жайында инстаграм-парақшасында жазып, көңіл айтқан болатын. Бірақ кейін оны терістеп, кешірім сұрады.

Тоқал алуды заңдастыру керек…

Абзал Құспанның тоқал алу мәселесін заңдастыру туралы айтқанын қоғамда қызу талқы тудырды.

«Біреуді жанашырлықпен алып жатқан жоқ. Жап-жас қыздарды тоқал ретінде алады. Сондықтан мен бұған жаныммен-тәніммен қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан бұны заңдастыру керек деп есептеймін», – деген еді депутат сұхбаттардың бірінде.

Алайда депутат мүлдем басқа мәселені меңзегенін айтып ақталды. Ол бұл мәлімдемесін некесіз туған балалардың құқығымен байланыстырды.

Қорытындылай келе, 2025 жыл ел есінде тек саяси бастамалармен емес, кейбір депутаттардың қоғамда үлкен резонанс тудырған, кейде қисынсыздау, тіпті даулы мәлімдемелерімен есте қалды. Халықтың сөзін сөйлейміз, толғандырған мәселелерін билікке жеткіземіз деген депутаттар арасында осындай сөз айтып, артынша сын астында қалып жататыны бар.

Сондай-ақ оқыңыз