Шығыс Қазақстан облысында 5%-дық ипотека іске қосылды. Кімдер қатыса алады

Шығыс Қазақстан облысында «Шығыс шақырады» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Жобаны «Отбасы банк» пен жергілікті әкімдік бірлесіп жүзеге асырады.
Бағдарлама өзге өңірлерден ШҚО-ға көшіп келіп, осында тұрақтап, жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға арналған.
Қатысушылардың өтінімдерін қабылдау және іріктеу 2026 жылы басталады. Оған облыс әкімдігі жауапты. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген несие беруді қамтамасыз етеді.
Бағдарлама шарттары:
- пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%–5,7% аралығында);
- бастапқы жарна – кемінде 10%;
- ең жоғары несие сомасы – 20 млн теңге.
Қандай тұрғын үй сатып алуға болады:
- алғашқы немесе екінші нарықтан пәтер;
- құрылыс кезеңіндегі (Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен) құрылыс компаниясынан тұрғын үй;
- жеке үй.
Сатып алынатын жылжымайтын мүлік Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасуы тиіс.
Кімдер қатыса алады
Негізгі талаптар:
- Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда ШҚО-да өзіне немесе жалға алған тұрғын үйі болмауы тиіс (жалғыз апатты үй болған жағдайдан басқа);
- Ресми табыс:
– жалдамалы жұмысшылар үшін кемінде 6 ай;
– кәсіпкерлер үшін кемінде 12 ай.
Өтінішті ерлі-зайыптылардың біреуі ғана бере алады.
Бағдарламаға жастарды қолдауға арналған «Серпін» жобасының түлектері де қатыса алады. Бұл жобаға Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарының түлектері кіреді.
Айта кетейік, 2025 жылы тұрғын үй бағасы 15,6%-ға қымбаттаған. 2025 жылдың қарашасындағы деректер Қазақстанның бастапқы тұрғын үй нарығы жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Осы орайда қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығының сарапшылары 2026 жылы тұрғын үй нарығы қалай құбылатынына қатысты болжам жасады.