5 қаңтардан бастап қасқыр мен шибөрі атуға рұқсат беріледі

Елде 5 қаңтардан бастап қасқыр мен шибөрі атуға рұқсат беріледі. Бұл туралы экология министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.
5 қаңтар сағат 10:00-ден бастап қасқыр мен шибөрі атуға болады. Бұл жануар санын реттеу мақсатында іске асады. Рұқсат 31 желтоқсанға дейін берілген.
Алайда ескере кететін жайт бар. Мәселен, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында қасқыр мен шибөрі атуға бірден рұқсат берілмейді. Ол үшін олардың үй жануарларына шабуыл жасағанын дәлелдеу қажет.
Айта кетейік, рұқсат алу толық автоматтандырылған, www.elicense.kz веб-порталында қолжетімді.
Бұған дейін Түркістан облысы Бәйдібек ауданында малға шапқан қасқыр мен шибөрілерді ату басталды. 2025 жылы Түркістан облысында 368 қасқырды, 2 400 бас шибөріні атуға рұқсат берілген. Рұқсатты 1700-ге жуық аңшы алған.