
Көлік министрлігінің шешімімен «Ақтөбе – Маңғыстау» бағыты бойынша жолаушылар теміржол қатынасы қайта жанданып, пойызға Ұлттық тасымалдаушы қызмет көрсетіп жатыр.
Бұған дейін аталған бағытта жеке тасымалдаушы Otpan Logistik ЖШС жұмыс істеген. Алайда вагондардың техникалық жай-күйіне қатысты жолаушылар шағымдарының көбеюі және жылжымалы құрамды жаңарту міндеттемелерінің орындалмауына байланысты компаниямен жасалған келісімшарт бұзылған.
Қазір жолаушылар тасымалы Ұлттық тасымалдаушы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамындағы пойыздармен жүзеге асырылуда. Пойыз отандық өндірісте шығарылған жаңа жолаушылар вагондарымен қамтамасыз етілген. Пойыз құрамында 5 купе және 6 плацкарт вагоны бар. Бір бағыттағы жалпы сыйымдылығы 400-ден астам жолаушы.
Вагондар қауіпсіздік және жайлылық бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Купе вагондары эргономикалық орындармен, жеке жарықдиодты шамдармен, USB-порттармен және электр розеткаларымен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін арнайы купелер, мүгедектер арбасын орналастыруға арналған орындар және жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған.
Айта кетейік, Ұлттық тасымалдаушы жүзеге асыратын жолаушылар тасымалы клинингке, жылжымалы құрамның техникалық жай-күйіне және қызмет көрсету деңгейіне қойылатын бірыңғай сапа стандарттарына сәйкес атқарылады.