
Астанада жас 10 ғалымға пәтер сертификаты берілді. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевке «Құрмет» ордені табысталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
2024 жылы 31 мамырда Тоқаев ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру жайлы тапсырма берген еді. Осыдан кейін арнайы комиссия құрылып, Астана қаласындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының тізімін айқындады.
«Өткен жылдан бастап ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары артты, ғылыми тағылымдамаларға гранттар, мемлекеттік стипендиялар мен сыйлықақы, оның ішінде талантты жас ғалымдар үшін стипендия беріледі. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның қабылдануы мен Президент Жарлығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы саланың дамуына жүйелі серпін берді», – деді министр Саясат Нұрбек.
2023 жылы министрлік пен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 483 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Ал 104 жас зерттеушіге өтеусіз негізде берілді.
Осы жылы күзде ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді ынталандыру үшін мемлекеттік ғылыми стипендияларға арналған байқау өткізген. 75 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалған, оның ішінде қырық жасты қоса алғанда, талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалған.