
Германияның батысында орналасқан Гельзенкирхен қаласында қарақшылар банк қоймасының қабырғасын бұзып, шамамен 3200 ұяшықтан ақша мен қымбат заттарды алып кеткен. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 90 млн еуроға дейін жетуі мүмкін. Бұл – ел тарихындағы ең ірі банк тонауларының бірі.
DW басылымының жазуынша, Германияның батысындағы Гельзенкирхен қаласында Sparkasse банкінің бөлімшесі тоналған. Қылмыскерлер банк ұяшықтары орналасқан бөлме мен оған іргелес автотұрақтың арасындағы бетон қабырғаны бұрғылап тесіп кірген. Бұл туралы 30 желтоқсанда жергілікті полицияның ресми сайтында хабарланған.
Полиция: қарақшылар кәсіби деңгейде әрекет еткен
Полиция дерегінше, бірнеше мың сейф бұзылып, келтірілген шығын ондаған миллион еуромен есептеліп отыр. Куәгерлер 28 желтоқсан күні кешке көпқабатты автотұрақтағы баспалдақта үлкен сөмкелер көтеріп жүрген ер адамдарды көргенін айтқан.
Бейнебақылау камералары 29 желтоқсан күні таңертең автотұрақтан қара түсті Audi RS 6 көлігінің шыққанын тіркеген. Көлік ішіндегі адамдар бетперде киген. Автокөліктің нөмірлік белгісі бұған дейін Ганновер қаласында ұрланғаны анықталды. Полиция қарақшылардың әрекеті «өте кәсіби деңгейде ұйымдастырылған» деп бағалады.
Германия тарихындағы ең ірі тонаулардың бірі
Dpa агенттігі тергеушілерге сілтеме жасап, шамамен 3200 сейфтің бұзылғанын, қолма-қол ақша, алтын және зергерлік бұйымдардың ұрланғанын, жалпы шығын көлемі шамамен 30 млн еуроны құрауы мүмкін екенін жазады. Алайда ұяшықтардағы заттардың құпия сақталуына байланысты нақты шығынды анықтау қиын.
Associated Press агенттігі Гельзенкирхен полициясына сілтеме жасап, шығын көлемі 10 миллионнан 90 миллион еуроға дейін бағаланып отырғанын хабарлады.
Sparkasse өкілдері әрбір сейф 10 300 еуроға дейін сақтандырылғанын мәлімдеді. Соған қарамастан 29-30 желтоқсан күндері банк ғимаратының алдына наразы клиенттер жиналды. Олардың айтуынша, келтірілген шығын көлемі сақтандыру сомасынан әлдеқайда жоғары. Жалпы алғанда шамамен 2700 адам зардап шеккен.