
Иранда 29 желтоқсанда басталған шерулер толқыны әлі жалғасып жатыр. Президент көтеріліс ұйымдастырушылармен диалогқа келуді тапсырған деп жазады Euronews.
Тегерандағы Үлкен базарға іргелес аудандар наразылық ошағына айналды, жергілікті саудагерлер дүкендерін жаппай жауып тастады. Оларды елдің басқа да ірі қалалары, соның ішінде Исфахан, Шираз және Мешхед қолдады.
Наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар болған. Құқық қорғау органдары топты тарату үшін көз жасаурататын газ қолданды.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Иран президенті Масуд Пезешкиан наразылыққа қатысушыларымен диалог орнатуды тапсырды. Пезешкиан X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде халықтың экономикалық салада бетпе-бет келіп отырған мәселелері оның басты назарында екенін атап өтті.
Мен Ішкі істер министріне митингке шыққандармен диалог форматында келіссөздер жүргізіп, олардың негізді талаптарын тыңдауды тапсырдым. Үкімет қалыптасқан мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды, – деді ол.
Көшеге шыққан халық ұлттық валютаның құнсыздануына наразы болып жатыр.