Қазақстандықтар былтыр бөліп төлеу тәсілімен 2,4 трлн теңгеге тауар алған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Бөліп төлеуге алынған қарыз артып барады /фото: shutterstock,бильд-редактор Ахтам Зиперов

Соңғы жылдары халықтың қарыз жүктемесінде бөліп төлеу арқылы рәсімделген несиенің үлесі айтарлықтай артқан. Ұлттық банк дерегінше, бүгінде мұндай қарыздар тұтынушылық несиелердің шамамен бестен бір бөлігін құрайды. Бұл жағдай реттеушінің бөлшек кредит беру нарығына, әсіресе оның сапасы мен тәуекелдеріне қайта назар аударуына себеп болды.

8 млн адамның басында кредит бар

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кредит регистрінде 7,71 млн қазақстандық тіркелген. Олардың мойнында 23 трлн теңгеге жуық қарыз бар. Бұл ел экономикасының шамамен 16 пайызына тең.

Қарыздың басым бөлігі тұтынушылық мақсатта алынған. Оның көлемі 12,7 трлн теңгеге жетіп, жалпы қарыздың 55 пайызын құрады. Бұл несиелердің 92 пайызы кепілсіз берілген. Сонымен қатар, 6,7 трлн теңге тұрғын үй кепілімен алынған қарыздарға, 3,6 трлн теңге көлік сатып алуға рәсімделген несиеге тиесілі.

Бөлшек кредит өсіп келеді

Соңғы жылдары бөлшек кредит көлемі тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2022 жылы қарыз көлемі – 31,3 пайыз, 2023 жылы – 26,7 пайыз, 2024 жылы 23,8 пайызға артқан. Ал 2025 жылдың алғашқы жеті айында өсім 11,2 пайызды құрады.

Бұл динамикаға автонесие айтарлықтай әсер етті. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл сегмент бірнеше жыл қатарынан жылдам өсті. Тек қарыз жүктемесіне қойылатын талаптар күшейгеннен кейін ғана өсім қарқыны біршама баяулаған. Соған қарамастан, 2025 жылы да көлік алуға берілген несие көлемі жоғары деңгейде қалып отыр.

Бір адам бірнеше қарыз алған

Қазіргі таңда қарыз алушылардың шамамен жартысының мойнында төрт немесе одан да көп несие бар. Ал тек бір ғана несиесі бар азаматтардың үлесі 26 пайызды құрайды.

Алайда Ұлттық банк мұны халықтың шамадан тыс қарызға батуы ретінде бағаламайды. Бұл жағдай көбіне бөліп төлеу арқылы берілетін пайызсыз қарыздардың кең таралуымен байланысты.

Бөліп төлеу жеке сегментке айналды

Ұлттық банк ұлттық валютада берілетін, пайыздық мөлшерлемесі нөлге тең бөліп төлеу арқылы рәсімделетін қарыздарды жеке санат ретінде қарастыра бастады. Мұндай қарыздардың көлемі жыл сайын артып келеді.

2022 жылы олардың көлемі 0,86 трлн теңге болса, 2023 жылы – 1,78 трлн теңгеге, ал 2024 жылы 2,44 трлн теңгеге жетті. Қазір бұл қарызды 4,9 млн адам, яғни бүкіл борыштерлердің 63 пайызы пайдаланып отыр.

Бөліп төлеу арқылы алынған қарыздардың үштен екісі бір жылға дейін, ал шамамен 30 пайызы екі жылға дейінгі мерзімге рәсімделген.

Проблемалық қарыздың үлесі артып келеді

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, төленбегеніне 90 күннен асқан қарызы бар азаматтар саны 573,6 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіштің өзі аса қауіпті деп бағаланбайды. Алайда Ұлттық банк проблемалық қарыз көлемінің артуып бара жатқанына алаңдап отыр.

Соңғы үш жылда бір қарыз алушыға шаққандағы проблемалық берешек 669 мың теңгеден 1,47 млн теңгеге дейін өскен. Бұл төлем қабілетін жоғалтудың салдары ауырлап бара жатқанын және қарызды қайта өндіру қиындай түскенін көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз