Жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы борышы 9 айда 6,7 млрд долларға өсті

Қазақстанның сыртқы борышы қанша / Фото: kursiv.media/, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның сыртқы борышы 2025 жылдың басынан бері 6,7 млрд долларға өсті. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елдің жалпы сыртқы борышы 171,4 млрд долларға жетті.

Ұлттық банк дерегі бойынша, сыртқы борыштың өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында борыш көлемі төлем балансы операцияларының есебінен 5,3 млрд долларға, ал бағалық, бағамдық және өзге де өзгерістердің нәтижесінде 1,4 млрд долларға артқан.

Борыш құрылымына келсек, оның басым бөлігі ұзақ мерзімді міндеттемелерге тиесілі. Өтеу мерзімі бір жылдан асатын сыртқы борыштың үлесі 87,8 пайызды құрайды. Мұндай құрылым қысқа мерзімді өтімділік тәуекелдерін төмендеткенімен, ұзақ кезеңде нарықтық жағдайлардың өзгеруі борышты өтеу мен оған қызмет көрсету шығындарына әсер етуі мүмкін.

Қаржы құралдары түрлері бойынша алғанда, Қазақстанның сыртқы борышы негізінен бейрезиденттерден тартылған кредит есебінен қалыптасқан. Олардың үлесі 71,4 пайызға тең. Сонымен қатар, бейрезиденттердің қолындағы борыштық бағалы қағаздардың үлесі 10,6 пайызды құрады.

Қазақстанға қай елдер қарыз берген

Қазақстан қарыздың басым бөлігін Нидерланды мемлекетінен алған. Бұл елдің алдындағы қарыз 41,3 млрд долларды құрайды. Соның 39,3 млрд доллары – фирма аралық берешек.

Екінші орында Ресей тұр. Бұл мемлекетке Қазақстан 16,2 млрд доллар қарыз. Соның 10,1 млрд доллары басқа секторларға тиесілі болса, 4,9 млмр доллары – тікелей ивестиция.

Қазақстанға қарыз берген елде арасында үшінші сатыда Ұлыбритания орналасқан. Бұл мемлекеттің алдындағы борыш 14,9 млрд доллардан асты.

Сонымен қатар Қазақстанға АҚШ, Қытай, Франция қомақты қарыз берген. Халықаралық ұйымдар алдындағы борыш 14,4 млрд долларға жетті.