Жаңалықтар

Заң бекітілді: зорлық көрген балаларға көмек көрсету кабинеттері ашылады

Зорлық-зомбылық, буллинг және басқа да қысымға ұшыраған балалар көмек сұрайтын болды / фото: ЖИ көмегімен әзірленді
Фото: ЖИ көмегімен әзірленді

Мемлекет басшысы бала құқықтарын қорғау саласына ауқымды өзгерістер енгізетін «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңға қол қойды. Құжат кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтіп, шұғыл көмек көрсету инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, заң аясында елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек көрсету кабинеттері ашылады. Онда балаларға «бір терезе» қағидаты бойынша психологиялық, медициналық және құқықтық қолдау көрсетіледі.

«Заң аясындағы маңызды жаңашылдықтың бірі – елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету кабинеттерінің ашылуы. Мұнда кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидатымен кешенді қолдау көрсетіледі. Балаға қолайлы жағдайда алғашқы психологиялық көмек , сот-медициналық сараптама жүргізу, бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама алу сияқты кешенді шаралар қарастырылған», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар өңірлік бала құқықтарын қорғау басқармалары құрылып, білім беру ұйымдарында ерекше назарды қажет ететін балаларды педагогикалық сүйемелдеу тетігі енгізіледі.