
Қазақстанның Ресейдегі елшілігі жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруге қатысты ақпарат таратты.
Шетел азаматтарына ЖСН беру пилоттық жобасы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жұмыс істеген. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның шет елдердегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН беруді тоқтатады.
«Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдары Қазақстанға бармай-ақ онлайн-форматта шетел азаматтары үшін мемлекеттік қызметтер мен сервистерді алу мүмкіндігін, оның ішінде ЖСН қамтитын цифрлық ID-картаны алуға болатын eResidency бағдарламасы енгізілді», – делінген ақпаратта.
Бағдарлама шетелдіктерге Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе алуға мүмкіндік береді.
Бағдарлама арқылы аулға болатын қызметтер:
- жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар цифрлық ID-картаны алу;
- қор нарықтарына, крипто биржаларға, Қазақстандық нөмірі бар eSIM-ге қол жеткізу;
- электрондық цифрлық қолтаңбаны және сақтандыру қызметтерін ресімдеу;
- Қазақстандық карталарды пайдаланып, онлайн банк шотын ашу.
Шетел азаматтарына ЖСН алу мәселесі бойынша https://eresidency.gov.kz/ сайтына жүгіну ұсынылды.
ЖСН – жеке тұлғаға, соның ішінде жеке кәсіпкерге берілетін нөмір. Бір рет қана берілетін нөмір Қазақстанның мемлекеттік органдарында ЖСН иесі туралы ақпаратты сақтау үшін қажет.