
Сәкен Майғазиев саудалаған ақылы той, әлемнің ең бай адамдарының бірі Джефф Безостың екінші рет үйленуі, Селена Гомес армандаған ертегі той. 2025 жылы әлемде көпшіліктің көңілінен шыққан кештер мен сауық-сайрандар аз болған. Kursiv.Media солардың ішінде «ғасыр тойына» татитын үш үйлену салтанатын ерекше атап өтеді.

Миллиардер тойы
Amazon компаниясының негізін қалаушы миллиардер Джефф Безос пен журналист Лорен Санчестің Венецияда үш күнге созылған үйлену тойы 2025 жылғы маусымның аяғында өтті. Танымал жұлдыздар мен саясаткерлер жиналған салтанатты кешті медиа «ғасыр тойы» деп сипаттады.
61 жастағы кәсіпкер пен 55 жастағы журналистің некелесу рәсіміне шамамен 56 млн доллар жұмсалды. Әлемнің әр түкпірінен Венеция әуежайына 90 чартерлі ұшақ қонды. Олар әлем жұлдыздары мен саясаткерлерді үйлену тойы өтетін қалаға жеткізді.
Тойдың құрметті қонақтары арасында Билл Гейтс, Орландо Блум, Том Брэди, Опра Уинфри, Крис Дженнер, Ким мен Хлои Кардашьян бар. АҚШ президентінің қызы Иванка Трамп, Джаред Кушнер және Доменико Дольче де бой көрсетті.

Леди Гага мен Элтон Джон сенбідегі кеште өнер көрсетсе, жас жұбайлардың сақина алмасу сәтінде Маттео Бочелли ән салады. Ол әйгілі тенор Андреа Бочеллидің ұлы.
Джефф Безос – Amazon электронды сауда компаниясының негізін қалаушы. Ол Forbes миллиардерлер тізімінде 215 млрд доллармен үшінші орында тұр. Кәсіпкер журналист Санчеспен 2023 жылдан бері кездесіп жүрген. Төрт жыл бұрын Безос 25 жыл отасқан Маккензи Скоттпен ажырасқан.
Санта-Барбарадағы салтанат
Әлемге әйгілі әнші әрі актриса Селена Гомес өмірлік серігін биыл тапты. 33 жастағы жұлдыз Джастин Биберге емес, музыкалық продюсер Бенни Бланкомен некелесті.
Үйлену тойы 2025 жылғы 27 қыркүйекте Санта-Барбара қаласындағы әсем бақшада (Sea Crest Nursery) өтті.
Салтанатты кеш шырқын Бибердің сол күні «I Do» (үйленуге келісем – ред.) деп аталатын ән жариялауы да бұза алған жоқ. Есесіне той әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды.
Үйлену тойы жұлдызы биік қонақтарға толы мереке болды. Селенаның ең жақын досы Тейлор Свифт, «Only Murders in the Building» сериалындағы серіктестері Стив Мартин мен Мартин Шорт, Эд Ширан және басқа да жұлдыздар кешке келді.
Той романтикаға толы, талғамы биік атмосферада өтті. Баспасөз Селенаның бірнеше көйлек ауыстырғанын жарыса жазды. Тейлор оны «ең әдемі қалыңдық» деп атады. Ертегідегідей үйлену тойын өткізуді Селена да армандаған.
Ақылы той
Қазақтар тойға құрқол бармайды, бірақ ешқашан тойға ақы төлеп кірмеген. Бүкіл әлемде мұндай үрдіс жоқ шығар. Бірақ танымал әнші Сәкен Майғазиевтің арқасында биыл жаңаша салт басталды. Ол тұңғышы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын ақшаға сатты. Ақылы той 2025 жылғы маусымда Алматы қаласында дүркіреп өтті.

Тойға шамамен екі мыңға жуық қонақ шақырылып, қазақ эстрадасының жұлдыздары мен өнер иелері жиналды. Шынайы қазақ тойының үлгісі осындай болса керек: кеш музыка мен әнге, биге толы болды. Бірақ Сәкеннің тойының басты ерекшелігі – салтанатты ақылы онлайн трансляциясы арқылы мыңдаған адам қашықтан тамашалады.
Тікелей эфир 1380 теңгеден сатылды. 7 мыңға жуық адам онлайн қосылды. Соған қарағанда, Сәкен осы тойдан шамамен 10 млн теңге табыс тапты.
Үйлену тойын 12 тамада жүргізді. Салтанатты кешке жиналғандар арасында Алтынбек Қоразбаев, Досхан Жолжақсынов, Нұрғали Нүсіпжанов, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Тамара Асар, Құдайберген Бекіш, Рахман Омаров, Медеу Арынбаев тәрізді аға буын өкілдері болды.
Майғазиев тойдан кейін әлеуметтік желіде алғыс білдіріп, «бізге тілектес болған жандарға Алла разы болсын» деп жазды. Салтанатты кеш қазақ шоу-бизнесінің жарқын оқиғасына айналып, ұзақ талқыланды.