Жаңалықтар

Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Тоқаев Астана
Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады / Фото: коллаж kursiv.media

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2026 жылмен құттықтады. Президент алдымен 2025 жылды қорытындылады.

«2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты», – деді президент.

Ол елдегі ауқымды жобалардың бірі «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылуын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатқанын айта кетті. Ол бұл жобалардың Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсіретінін айрықша сөз етті.

«Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды», – деді Тоқаев.

Президент ел аумағында жалпы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, мыңдаған отбасы баспаналы болғанын хабарлады. Әлеуметтік салаға тоқталып, жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтергенін айтты. Бұған қоса елімізде әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылған.

2025 жылы қазақстандық жасөспірімдердің халықаралық білім сайыстарында топ жарғанын, спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шығып, Көк туымызды желбіреткенін ерекше айта кетті.

Өткен «Жұмысшы мамандықтары жылында» еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетілгенін, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасатынын сөз етті.

Бұдан кейін президент 2026 жылы Қазақстанда болатын өзгерістер туралы айтты. Оны мына сілтемеден оқи аласыздар.

Бұған қоса, президент Жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатқан барша қазақстандықтарға алғыс айтты.

«Еліміздің әр азаматына зор денсаулық, амандық және табыс тілеймін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Әр шаңырақ жақсылыққа толсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы, Қазақ Елі жасай берсін! Жаңа жыл құтты болсын!», – деді президент.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президентін қай елдің басшылары Жаңа жылмен құттықтағаны туралы жазған едік.