Педагогтер кәсіподақ қатарына мәжбүрлі кіргізуге қатысты петиция жариялады

Қазақстандық мұғалімдер салалық кәсіподақтарға мәжбүрлі түрде мүше болуды тоқтатып, жарна төлеу жүйесін толықтай ерікті және ашық ету туралы талаппен петиция жариялады.
Педагогтердің айтуынша, қазіргі таңда кәсіподаққа кіру жұмысқа қабылданудың міндетті шартына айналып кеткен. Ал жарналар жалақыдан автоматты түрде ұсталады. Бұл мұғалімдердің келісімінсіз төленетін, құқықтарын нақты қорғамайтын «салыққа» айналды деп жазылған.
Айта кетейік, петицияның өзі ресми Epetition.kz сайтында жарияланбаған.
Мұғалімдер неге наразы
Мұғалімдердің айтуынша, кәсіподақтардың жұмысы ашық емес. Жарналардың қайда жұмсалатыны белгісіз, педагогтерге жыл сайынғы қаржылық есеп ұсынылмайды. Ал еңбек даулары немесе заңсыз жұмыстан шығару кезінде кәсіподақтар көбіне әкімшілік жағына шығып кетеді немесе мүлде әрекетсіз қалады.
«Заң жүзінде ерікті болуға тиіс болса да, жұмысқа орналасу кезінде мұғалімдерге кәсіподаққа кіру міндетті талап ретінде қойылады», – дейді петиция авторлары.
Педагогтердің талабы
Петиция авторлары жарналарды ерікті форматқа көшіруді талап етуде және егер мұғалім сол жылға арнайы өтініш бермесе, автоматты түрде жалақыдан ұстап қалуды тоқтатуды сұрайды. Кәсіподаққа кіру немесе шығу процесі eGov немесе eOtinish арқылы жүзеге асуы тиіс.
«Кәсіподақ ұйымдарына аппаратты ұстауға кеткен шығын, басшылыққа берілген сыйақы, көрсетілген көмек көлемі сияқты мәліметтерді қамтитын қаржылық есептерін тоқсан сайын ресми сайттарында жариялауды заң жүзінде міндеттеу қажет», – делінген үндеуде.
Сондай-ақ, қызметкердің жыл сайынғы жазбаша келісімінсіз жарна ұстап қалған мектеп директорлары мен бас есепшілерге жауапкершілік жүктеу ұсынылған.
Петиция авторлары кәсіподақ міндетті қаржылық ауыртпалық емес, оның тиімділігі үшін мұғалім өз еркімен таңдайтын қызмет болуы керек екенін атап өтті.