Жаңалықтар

2025 жылы медициналық авиация қызметі 2,2 мыңнан астам адамға көмектескен

2024 жылмен салыстырғанда ұшулардың жалпы саны 4,5%-ға өскен / фото: KursivMedia мұрағаты
2024 жылмен салыстырғанда ұшулардың жалпы саны 4,5%-ға өскен / фото: KursivMedia мұрағаты

2025 жылы Қазақстанның медициналық авиация қызметі ел ішінде және одан тыс жерде мыңдаған пациентке көмек көрсеткен.

2,2 мыңнан астам адам  шұғыл және мамандандырылған көмек алды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, жұмыс өңіраралық тасымалдауды да, халықаралық медициналық эвакуацияларды да, хәлі ауыр пациенттердің мониторингін және донорлық ағзаларды тасымалдауды да қамтыды.

«2025 жылғы 1 қаңтар мен 30 желтоқсан аралығында Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының диспетчерлік қызметіне медициналық авиацияны пайдалана отырып, медициналық көмек көрсетуге 2 589 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 2 272 ұшып шығу медициналық қызмет көрсетумен, тағы 15-і медициналық қолдаусыз орындалды. 2024 жылмен салыстырғанда ұшулардың жалпы саны 4,5%-ға өсті», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Астанадан 544, Алматыдан – 174, халықаралық бағыттар бойынша – 9 ұшу орындалған.

2025 жылы жұмыстың жеке бағыты Халықаралық медициналық эвакуация болды. Бір жылдың  ішінде Қазақстан азаматтарын шетелдік клиникалардан тасымалдауға 33 сұрату түсті. Қарау қорытындысы бойынша Түркия, Германия, Корея, Вьетнам, Қырғызстан және Египеттен 9 эвакуация ұйымдастырылып, орындалды.

Айта кететін жайт, 2026 жылы кейбір медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланып отыр.