
Қазақстан 2026 жылы тоғыз жаңа ұшақ сатып алып, ішкі және халықаралық әуе қатынасын кеңейтеді. Бұл туралы Orda хабарлады.
Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиеваның айтуынша, жыл соңына дейін әуе компанияларының әуе кемелері паркі шамамен 118 бірлікке дейін ұлғаяды.
Сондай-ақ билік 23 әлеуметтік маңызы бар әуе бағытын субсидиялау бағдарламасын жалғастырып, оларды халық үшін қолжетімді етуге және туризмді дамытуға ықпал етпек.
«2026 жылы Астана және Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталады. Алматыда ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылады, ал Ақтау әуежайында перронға күрделі жөндеу жүргізіледі», – деді ол.
Халықаралық әуе қатынасына келсек, рейстерді ашу және қайта жандандыру, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД елдеріне ұшулар жиілігін арттыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс бағыттары бойынша рейстер жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімжі, Қашғар және Варшава қалаларына әуе қатынасы қарастырылған.
Мұның алдында көлік министрлігі жаңа жыл қарсаңында қосымша 100 әуе рейсі іске қосылатынын жариялаған еді.