Ұлыбритания мен Франция Украинаға 15 мыңға дейін бітімгер жіберуді ұсынды

Ұлыбритания мен Франция Украинадағы майдан шебінде бітімді бақылау үшін халықаралық әскери контингент орналастыру жобасын дайындады.
Бұл туралы немістің Welt газеті дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Жоспарға сәйкес, бейбіт келісім жасалғаннан кейінгі алғашқы алты ай ішінде қақтығыс аймағына 10 мыңнан 15 мыңға дейін әскери қызметкер жіберілуі мүмкін. Мәліметке қарағанда, бұл күштер қажет болған жағдайда ұрыс қимылдарына қатысуға дайын болады.
Контингентті БҰҰ немесе Еуропалық одақ мандатынсыз-ақ, Киевтің шақыруымен орналастыру мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Украина үшін халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері, соның ішінде қақтығыс желісін бақылау мәселесі бұған дейін қақтығысты бейбіт жолмен реттеудің түрлі нұсқаларында талқыланған.
Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк мұндай контингент жіберуге Германия мен Түркия да дайын екенін мәлімдеген. Ал Ресей билігі Украина аумағына НАТО елдерінің әскери күштерін орналастыру жөніндегі кез келген жобаларға үзілді-кесілді қарсы.
Мұның алдында Зеленский Флоридадағы Трамппен келіссөздерді қорытындылаған еді.