
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 2 қаңтар күні сағат 08:00-дегі жағдай бойынша республикалық автожолдардағы ахуалды жариялады.
Бірқатар өңірде жылдамдық режимі қайта қаралып, барлық көлік түрі үшін рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық 80 км/сағ-тан 110 км/сағ-қа дейін ұлғайтылды.
Ақмола және Қарағанды облыстарындағы бірқатар республикалық маңыздағы жол учаскелерінде қозғалыс жылдамдығы өзгертілді.
Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуындағы күрделі таулы жағдайға байланысты тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл талап Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытының 46-66 шақырым аралығына қатысты және қыс мезгілі аяқталғанға дейін қолданылады.
Ал Жамбыл облысында ауа райының нашарлауына байланысты Қордай асуының жаңа айналма жолы уақытша жабылды. Қозғалыс ескі асу арқылы жүргізіліп жатыр. Жолды 2 қаңтар күні ашу жоспарланған.
Павлодар облысында «Қалқаман» көлік айрығының бір бөлігі жабылып, Қалқаман кентіне кіріп-шығу шектелді. Бұған көпір құрылымдарының зақымдануы себеп болған.
Синоптиктер елдің басым бөлігінде қар мен боран болатынын, жолдың көрінуі қиындайтынын ескертеді.