
Ақтауда жеңіл автокөлік пен тепловоз соқтығысты. Оқиғаға қатысты түсініктемені Lada.kz сайтына Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген.
Апат бүгін, 2 қаңтар күні таңғы сағат 09:00-ден кейін «Гелиос» жанармай құю бекеті маңындағы теміржол өткелінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша Chevrolet маркалы автокөлікті басқарған әйел жақындап келе жатқан тепловозды байқамай, онымен соқтығысқан.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жеңіл көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы – «Көлік құралдарын жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзып, адамдардың денсаулығына зиян келтіруі, көлік құралдарына немесе өзге де мүлікке залал келтіруі» бойынша хаттама толтырылған.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, әйелдің қолы сынған. Оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында «Павлодар – Омбы» тасжолында болған жол-көлік апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға салдарынан екі жүргізуші қаза тауып, бір жолаушы ауруханаға жеткізілді.