Жаңалықтар

Атырау облысында бір отбасы із-түзсіз жоғалып кетті

Фото: azh.kz

Атырау облысында полиция Жангелдин ауылында тұрған бір отбасын іздеп жатыр.

Бір отбасы 2025 жылдың күзінде хабар-ошарсыз кеткен. Содан бері олар жайлы расталған ешқандай ақпарат жоқ. Отбасының туыстары полицияға арызды тек 25 желтоқсанда тапсырған.

Қазан айынан бері қайда екені белгісіз адамдар:

  • Қарабалин Максот Мұқанғалиевич, 1959 жылы туған;
  • Өтешқалиева Насипа Бахитқызы, 1961 жылы туған;
  • Қарабалина Мирамгүл Максотқызы, 1990 жылы туған;
  • Мұқанғалиев Наурыз Максотұлы, 1993 жылы туған.

«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, олардың барлығы Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұрған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алдымен отбасының ұлы Наурыз жоғалған. Ол туыстарына Ақтау бағытына қарай жұмысқа бара жатқанын айтқанымен, нақты қайда және кімге баратынын ашып айтпаған. Осыдан кейін онымен байланыс толық үзілген.

Көршілерінің сөзінше, қазан айында бүкіл отбасы ауылдан кеткен. Олар ауылдастарына дәрігерге бара жатқанын ғана айтқан. Алайда қай қалаға, қай медициналық мекемеге баратынын нақтыламаған. Туыстарының қолында олардың емделгенін, жүрген бағытын немесе кейінгі тұрған жерін растайтын ешқандай дерек жоқ.

Отбасы кеткеннен кейін достары барлық мал Наурыздың атынан сатылғанын және ақша Наурыздың әкесі Мақсот Қарабалиннің жеке шотына аударылғанын айтады.