
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін еркін таңдай алады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, өзгерістер тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған. Енді жүргізушілер қалаған әріптік және сандық комбинациядағы нөмірді таңдай алады. Қызмет 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі.
«5 қаңтардан бастап азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте, кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар МТНБ құны 10 АЕК және 15 АЕК мөлшерінде болады (жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны қоспағанда)» – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2026 жылы VIP автокөлік нөмірлерінің құны өсті. Бұған айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы себеп болды.