
Жергілікті биліктің хабарлауынша, Гамбия жағалауында бортында шамамен 200 мигрант болған кеме аударылды. Онда кем дегенде жеті адам қаза тауып, ондаған адам хабар-ошарсыз кеткен. Олар Еуропаға жету үшін Испанияның Канар аралдарына бағыт алған. Бұл туралы ВСС агенттігі жазды.
Қайғылы оқиға сәрсенбі күні түн ортасында Солтүстік жағалау өңірінде болған. Кейін кеме құм қайраңынан табылғаны туралы Гамбия Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
96 адам құтқарылды. Өзге жолаушыларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарылған он адамның жағдайы ауыр. Іздеу-құтқару операциясына Гамбия әскери-теңіз күштерінің кемелері мен көмекке келген балық аулау кемесі қатысқан.
Биліктің мәлімдеуінше, қаза тапқандардың бірқатары Гамбия азаматтары емес.
Кейінгі жылдары Гамбия Батыс Африкадан шыққан заңсыз мигранттар мен баспана іздеушілер үшін Канар аралдарына, одан әрі құрлықтағы Еуропаға жетудің негізгі жөнелту нүктелерінің біріне айналып отыр.