
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту жұмысы биыл қалай іске асатынын айтып берді.
Теміржол қаңқасы қалай қалыптасып жатыр
Тайжановтың айтуынша, Президент тапсырмаларын жүзеге асыру іс жүзінде орындаудың белсенді кезеңіне өткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол саласы рекордтық көрсеткішке жеткен. Тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. Бұл саланың тұрақты өсіп келе жатқанын растайды. 2026 жылы тасымал көлемі 327 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр.
«Еліміздің толыққанды теміржол қаңқасын қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Биыл «Достық – Мойынты» және «Алматы айнаалма жолы» сияқты ірі жобалар аяқталды. Олардың жалпы ұзындығы – 911 шақырым. Бұл желінің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға және транзиттік тасымалдарды жеделдетуге мүмкіндік берді. Келесі жылы «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал» учаскелерінде стратегиялық құрылыс жобалары, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталады», – деп атап өтті вице-министр.
Бұған қосымша пойыздарды реттеудің заманға сай жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл теміржолдардың қозғалыс қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін тікелей арттырады. Теміржолдарды күрделі жөндеу жалғасып жатыр. 2025 жылы 1,5 мың шақырым жол жөнделсе, 2026 жылы 1,6 мың шақырым жөндеу жоспарланған. Одан бөлек 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланған. Бұл көлік қызметтерінің сенімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартады.
Халықаралық көлік дәліздері де қарқынды дамып келеді. Олар – Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) және Солтүстік – Оңтүстік бағыттары.
Келесі жылы Солтүстік – Оңтүстік дәлізі бойынша елдің батыс өңіріндегі теміржол учаскелерін жаңғырту аяқталады. Президент тапсырмалары аясында елімізде вокзалдарды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2026 жылы аяқталады.
Жәнібек Тайжанов осылайша, 2026 жыл Қазақстанның заманауи әрі орнықты, бәсекеге қабілетті көлік жүйесін қалыптастыратын негізгі инфрақұрылымдық жобаларының аяқталып, іс жүзінде жемісін бере бастаған кезеңі болатынын атап өтті.