Дәрігерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға дейін сотталады: Тоқаев заңға қол қойды
Жарияланды
Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жаза күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Заңда медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану немесе күш қолдану қаупі үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе қорқытуға қатысты жаңа 380-3-бап енгізілді.
Қандай жағдайда жаза тағайындалады
- Жедел жәрдем дәрігерлері мен жүргізушілеріне күш қолданамын деп қорқытқаны үшін – 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, не дәл сондай мөлшерде түзету жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Ауырлататын мән-жайлар болғанда – 2 жылдан 3 жылға дейін;
- өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірмейтін күш қолданғаны үшін – 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, не сондай мөлшерде түзету жұмыстарына 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Ауырлататын мән-жайлар болғанда – 3 жылдан 7 жылға дейін;
- өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолданғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.