Қазақстанда 4 литрден жоғары қозғалтқышы бар көліктердің салығы 17%-ға өсті

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қозғалтқыш көлемі үлкен жеңіл көліктерге салынатын салық айтарлықтай өсті. Бұл 4 мың текше сантиметрден жоғары қозғалтқышы бар автокөліктерге қатысты.
Жаңартылған Салық кодексіне сәйкес, мұндай көліктер үшін салық мөлшерлемесі енді 117 АЕК-ті құрайды. Бұған дейін қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын автокөлік иелері 100 АЕК төлейтін, яғни салық мөлшері бірден 17%-ға артты.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері – 4 325 теңге екенін ескерсек, қозғалтқыш көлемі 4 литр және одан да үлкен жеңіл көліктер үшін жылдық көлік салығы 506 025 теңгеге жетеді.
Яғни, бұл өсім тікелей түрде ірі жол талғамайтын көліктердің, қуатты седандар мен қозғалтқыш көлемі үлкен премиум-класс модельдердің иелеріне әсер етеді.
Аталған өзгерістер жыл басынан бастап күшіне енді және осы салық кезеңіне есептелетін салыққа қолданылады.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл өзгеріс импорттық автокөліктердің бағасына тікелей әсер етеді, себебі оларды елге әкелген кезде ҚҚС есепке алынады. Импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да көп өсуі мүмкін. Мұның бәрі модельге және жеткізу шарттарына байланысты болады.