Ресейге 2 мыңға жуық ақбөкен мүйізін алып өтпек болған контрабандистер ұсталды

Криминалдық полиция Қарағанды және Павлодар облыстарында ақбөкендерді заңсыз аулаған браконьерлерді қолға түсірді. Қылмыстық топ 2 мыңға тарта ақбөкен мүйізін контрабандалық жолмен шетелге өткізбек болған.
ІІМ мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды облысының криминалдық полиция қызметкерлері ақбөкендердің дериваттарын одан әрі өткізу мақсатында оларды заңсыз аулаумен айналысқан үш адамнан тұратын браконьерлік қылмыстық топты ұстады.
«Ұсталғандардан жалпы салмағы шамамен 400 келіні құрайтын 1 127 ақбөкен мүйізі, сондай-ақ екі тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді», – деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция тағы бір қылмыстық іске қатысты бар күдіктілерді Павлодар облысынан анықтады.
«Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарада екі адамнан тұратын браконьерлердің екінші тобы ұсталды. Олардың бірі шетел азаматы. Аталған тұлғалар мемлекеттік шекара арқылы шамамен 2 мың (1 882) ақбөкен мүйізін контрабандалық жолмен алып өтпек болған. Заңсыз жүк көлігінің арнайы жабдықталған жасырын орнына алдын ала жасырылған», – делінген хабарламада.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.