Ауа райы нашарлайды: ҚазАвтоЖол жүргізушілерге ескерту жариялады

«ҚазАвтоЖол» 3-4 қаңтар аралығында Ақмола облысында ауа райының қолайсыз болуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда, соның ішінде Астана – Щучинск бағыты бойынша, жолда жүру қауіптерінің туындауы мүмкін екенін ескертті.
Синоптиктердің болжамынша, аталған күндері өңірде боран, күшті жел, көру қашықтығының төмендеуі және көктайғақ күтіледі. Осыған байланысты кей учаскелерде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін.
Компания Бурабай курорттық аймағынан жолға шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерге сапар уақытын алдын ала жоспарлап, ауа райы нашарламай тұрып жолға шығуға кеңес береді.
Қауіпсіздік талаптары:
Көлік жүргізушілеріне қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығы да ескертілді. Атап айтқанда, көктайғақ пен көріну нашарлаған жағдайда жол жағдайына сай жылдамдықты таңдау, қауіпсіз арақашықтықты сақтау, күрт маневр жасамау және қарсы бағытқа шықпау, қауіпсіздік белдігін тағу, сондай-ақ жақын жарықты немесе күндізгі жүріс шамдарын қосу ұсынылады. Ауа райы нашарлаған кезде мүмкіндігінше сапарды кейінге қалдырып, жабық жол учаскелеріне шықпау кеңес етіледі.
Колонналық қозғалыс ұйымдастырылған жағдайда:
Ұйымдасқан көлік колоннасымен қозғалу кезінде арнайы талаптар қолданылады. Жүргізушілерге колонна құрамынан шықпай, қарсы жолаққа өтпей, озуға әрекеттенбей, арақашықтықты сақтап, полиция мен жол қызметкерлерінің нұсқауларын бұлжытпай орындау қажет. Сондай-ақ колонна құрамынан тек ерекше қажеттілік туындаған жағдайда ғана шығуға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырылады.