Венесуэла астанасы Каракаста кемінде жеті жарылыс болды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: видеодан кадр

Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ-тың әскери агрессиясының бастағанын жариялап, елде төтенше жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Ел астанасы Каракас БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жүгініп, АҚШ-ты жауапкершілікке тартуды талап етпек. Ал Вашингтон Венесуэлаға соққы жасағанын ресми түрде растамады.

Венесуэла АҚШ әскери агрессиясының басталғанын мәлімдеді

Сыртқы істер министрлігі Венесуэла АҚШ тарапынан «ауыр әскери агрессияға» ұшырады дегене тұжырым жасап отыр. Ал Президент Николас Мадуро халықтың құқығын қорғау, мемлекеттік институттардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету және «қарулы күреске дереу көшу» мақсатында төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.

«Бұл шабуылдың басты мақсаты – Венесуэланың стратегиялық ресурстарын, әсіресе мұнайы мен пайдалы қазбаларын басып алу, сондай-ақ елдің саяси тәуелсіздігін күшпен жою. Бірақ бұл әрекеттерінен ештеңе шықпайды. 200 жылдан астам тәуелсіз тарихы бар халық пен оның заңды үкіметі өз егемендігін және болашағын өзі айқындау құқығын қорғауда тайсалмайды», –делінген мәлімдемеде.

Мәселенің мән-жайы

Бүгін, 3 қаңтарда түнгі сағат 2-де (Астана уақытымен 11:00-де) Венесуэла астанасы Каракаста кемінде жеті жарылыс орын алды. Қорғаныс министрлігінің және әскер командалық штабтарының орналасқан қарулы күштер базасы Форт-Тиунаға, сондай-ақ Генералиссимо де Миранда әуе базасы мен әскери әуежайға соққы жасалды. Қала үстінде әскери тікұшақтар мен авиация ұшып жүрген, көшелерде бронетехника бой көрсеткен.

Жарылыстардың нақты себебі сол сәтте белгісіз болған. Қала тұрғындары әртүрлі аудандардан көшеге жүгіріп шыққан. Алайда Венесуэланың мемлекеттік телеарнасы хабар таратуды тоқтатпай, елдің музыкасы мен өнеріне арналған репортажды көрсете берген.

Бұл жарылыстар АҚШ қарулы күштерінің соңғы күндері есірткі контрабандасына қатысы бар делінген қайықтарға соққы бергені туралы ақпараттар аясында орын алды. 2 қаңтар, жұма күні Венесуэла билігі есірткі трафигімен күрес мәселесі бойынша АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Николас Мадуро 1 қаңтарда көрсетілген алдын ала жазылған сұхбатында АҚШ Венесуэлада билік ауысуына қол жеткізіп, елдің мол мұнай қорына ие болу үшін бірнеше айға созылған қысым науқанын жүргізіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл науқан тамыз айында Кариб теңізіне АҚШ әскерінің ауқымды орналастырылуынан басталған.

АҚШ Мадуроны есірткі терроризміне қатысы бар деп айыптап отыр. Америкалық биліктің мәліметінше, өткен аптада Орталық барлау басқармасы (ЦРУ) Венесуэла есірткі картельдері пайдаланған болуы мүмкін айлаққа ұшқышсыз ұшақпен соққы жасаған. Бұл – АҚШ-тың қыркүйек айының басынан бері Кариб теңізі мен Тынық мұхитының шығыс бөлігінде жүргізіп жатқан операциялары аясында Венесуэла аумағында белгілі болған алғашқы тікелей соққы.

Сондай-ақ оқыңыз