Денсаулық сақтау министрлігі «арзан вакцинаға» қатысты мәлімдемені жоққа шығарды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Мұндай мәлімдемені Нархоз профессоры жасаған/коллаж kursiv.media

Денсаулық сақтау министрлігі «арзан вакциналарды сатып алу» туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Министрліктің хабарлауынша, мұндай мәлімдемені «Әңгіме бар» каналындағы сұхбатта өзін Нархоз университетінің профессоры деп таныстырған Күлзада Абенова айтқан.

Сұхбатта Абенова «жаңа туған балаға сапасыз, арзан вакцина салады» деген.

Министрлік вакциналар «арзан» қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткішіне негізделіп сатып алынатынын еске салды.

«Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакцина көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат алады», – деп мәлімдеді министрлік.

Вакцина «балаларда ауру туындатады» деген мәлімдеменің ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау дерегіне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді.

Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа, дәрігерлер ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз