Павлодар әуежайы елге қайтарылған қаражатқа жөнделеді

Павлодар әуежайы реконструкциялау қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы Үкімет сайтында айтылған.
Павлодар облысы әуежайының жасанды ұшу-қону жолағы, бұру-қозғалу жолы, перронды реконструкциялау жұмыстарына 9,3 млрд теңге бөлінген.
Жаңғырту жұмыстарынан кейін әуежай салмағы бойынша шектеу болмайтын ұшақтардың заманауи түрлерін қабылдай алады.
«Павлодардың географиялық орналасуын ескерсек, бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Инфрақұрылымды жаңарту сонымен бірге, облыстың көлік қолжетімділігін жақсартуға, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік белсенділікті дамытуға ықпал етеді», – делінген ақпаратта.
Жобаның негізгі мақсаты – әуежай параметрлерін халықаралық ICAO стандарттарының талаптарына сәйкестендіру.
Мынандай жұмыстар жүргізіледі:
- Ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін реконструкциялау және кеңейту;
- Бұру-қозғалу жолы мен перронды жаңарту;
- Энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту;
- Периметрі бойынша жарықпен сигнал беру жабдықтары мен бейнебақылау жүйесін орнату.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты әуежай қызметі 2025 жылдың сәуірінен бері уақытша тоқтатылған.
Айта кетейік, Павлодар облысы әкімдігіне толықтай тиесілі Павлодар әуежайы 2024 жылы 106,6 млн теңге шығынға ұшырады. Ал 2023 жылы шығыны 55,9 млн теңгені құраған.