Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес елді уақытша басқаратын болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бұл міндетті орындауға 3 қаңтарда кірісті/фото: gatty images

Венесуэланы уақытша вице-президент Делси Родригес басқарады. Бұған дейін АҚШ-тың Венесуэла аумағында жүргізген әскери операциясы барысында ел президенті Николас Мадуро ұсталды. Бұл туралы CNN агенттігі хабарлады.

Венесуэла Конституциясында президент болмаған жағдайдағы тәртіп жазылған. Ел Конституциясының 233 және 234-баптарына сәйкес, мұндай жағдайда президент өкілеті вице-президентке өтеді.

Қаржы министрі және мұнай өнеркәсібі министрі қызметін қатар атқарып отырған Родригес 3 қаңтарда бұл міндетті орындауға кірісті. Мадуро мен әйелі Силия Флорес ұсталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң ол басқа министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің қатысуымен Ұлттық қорғаныс кеңесінің отырысын өткізді. Жиын барысында ерлі-зайыптыны дереу босатуды талап етті әрі АҚШ-тың әскери операциясын айыптады.

Родригес АҚШ әрекетін халықаралық құқық пен Венесуэланың егемендігін өрескел бұзу деп мәлімдеді. Ол мұндайды Венесуэла халқы мен Латын Америкасы елдерінің үкіметтері қатаң айыптауға тиіс екенін атап өтті.

Каракастан шыққан Делси Родригес 56 жаста, мамандығы заңгер.

Айта кетейік, Біріккен ұлттар ұйымының кауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы жүргізген операциясына байланысты шұғыл отырыс өткізеді

Одан бөлек БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Венесуэладағы жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз