Астанада минивэн жүргізушісі автобус аялдамасын қиратты

Астанада Орталық саябақтың жанындағы автотұрақта минивэн жүргізушісі автобус аялдамасын қиратты. Оқиға туралы елорда полиция департаменті хабарлады.
«Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі газ педальдары мен тежегіштерді шатастырып, автобус аялдамасына соғылғаны анықталды. Соққыдан аялдаманың әйнегі сынған», – деді полиция.
Ведомство оқиға салдарынан зардап шеккендердің жоқ екенін нақтылады.
Жол көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама жасады.
«Автокөлік арнайы автотұраққа қамалды. Мүлікке келтірілген залал заңда белгіленген тәртіппен өндірілетін болады», – деп толықтырды елорда полициясы.
Полиция департаменті жүргізушілерге көлік құралдарын басқару кезінде, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде және демалыс орындарында мұқият болуды еске салды.
Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысында Орталық алаңда орнатылған шыршаны бұзған жүргізушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.