
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару комитеті атауы инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді. Президенттің айтуынша, бұл шешім заңсыз активтерді елге қайтару тақырыбы осымен жабылды дегенді білдірмейді.
Ал қазірге дейін олигополия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндіріп алынған. Оның 1 триллион теңгеден астамы мемлекет қазынасына түскен. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында айтты.
«Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сараптап, оның заңдылығын анықтау құзырлы органдардың күнделікті қызметінің бір бағытына айналды. Енді бұл шаруаны бір орталықтан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді», – деген президент.
Сөзінше, активтері күмән тудырып, күдікке ілінген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірген. Олармен жалпы сомасы 5 триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды.
«Бұл қаражаттың есебінен инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристік, көлік-логистикалық орталықтар, тау-кен, металлургия, энергетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларына, сондай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бағдарламаларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Павлодар әуежайы елге қайтарылған қаражатқа жөнделетіні айтылды.