Елдегі ойын автоматтарының жұмысы заңмен реттеледі

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
ойын автоматтары
фото: ашық дереккөзден

Халық арасында «Хватай-ка» немесе «Кран» деп аталып кеткен ойын автоматтарына қатысты заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр. Үкімет бұл аппараттарды «ойын-сауық құралдары» ретінде қатаң бақылауға алуды көздеп отыр дейді премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауабында.

«Біздің елде «Кран» («Хватай-ка», Crane Machine, Claw Machine, Grabber) сияқты ойын автоматтары азық-түлік дүкендерінде, сауда ойын-сауық орталықтарында, балалар ойын аймақтарында, саябақтарда және халық көп жиналатын орындарда көп орналастырылғаны рас. Алайда қолданыстағы заңнамада ақшалай ұтыс көзделмеген ойын автоматтарының құқықтық мәртебесін, оларды орналастыру тәртібін, техникалық талаптарын, жас шектеулерін және бақылау тетіктерін нақты айқындайтын нормалар жеткіліксіз», – деп түсіндіреді ол.

Енді осы олқылықтың орнын толтыру үшін келесі өзгерістер енгізілуі мүмкін:

  • Жасырын алгоритмдерге тыйым: Ойыншының ұту мүмкіндігін қолдан төмендететін механизмдерге жол берілмейді.
  • Сертификаттау: Автоматтар мен ондағы жүлделер міндетті тексерістен өтуі тиіс.
  • Орындарды шектеу: Аппараттарды кез келген жерге қоюға шектеу қойылады.
  • Ақпарат ашықтығы: Тұтынушыға ойынның қалай жұмыс істейтіні және сыйлықтың құны туралы ақпарат берілуі міндеттеледі.

Осыған дейін депутат Асхат Аймағамбетов та балалардың смартфондар мен ойын қосымшаларын пайдалану тәсілін қайта қарауға шақырған еді. Ол қауіп тек контентті шектен тыс тұтынудан ғана емес, нақты ойын платформаларынан да туындап отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз