Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды

Жарияланды 5 Қаңтар 2026 08:41

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Нұрғали Нүсіпжанов 89 жасқа толды / фото: instagram

Бүгін, 5 қаңтарда, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов 89 жасқа толды.

Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы Жетісу облысы, Кербұлақ ауданына қарасты Доланалы ауылында дүниеге келген. 19 жасында кәсіби музыкалық білім алуды мақсат етіп, 1956 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Онда Қазақстанның халық әртісі Надежда Самышинаның класында жеті жыл білім алып, кең тынысты, әуезді дауысымен ұстаздарының ерекше ықыласына бөленді.

Консерваторияны тәмамдаған соң Нұрғали Нүсіпжанов Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жолдамамен жіберіліп, екі жылдай қызмет атқарды. Кейін Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетке ауысып, музыкалық редактордан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. Бұл салада ол 1966-1976 жылдар аралығында он жыл еңбек етті.

1976 жылы әншінің өмірінде жаңа кезең басталды. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әнші болып қабылданып, осы ұжымда 20 жыл бойы қызмет етті. Осы жылдар оның шығармашылық шарықтау кезеңі болды. Көрермен қауым Нұрғали Нүсіпжановты кең тынысты дауысы мен асқан орындаушылық шеберлігі үшін айрықша құрметтеді.

Қазақтың әйгілі композиторы, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев Нұрғали Нүсіпжановқа арнайы жиырмадан астам ән арнады. Олардың қатарында «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай» сынды халық жүрегінен орын алған туындылар бар. Сондай-ақ Марат Маңғытаевтың, Әсет Бейсеуовтың, Қапан Қуатбаевтың, Тұрсынбек Базарбаевтың көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шықты.

Құрманғазы оркестріндегі қызметінен кейін Нұрғали Нүсіпжанов «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамбль құрды. Бұл ұжыммен ел ішін түгел аралап, шалғай ауылдарға дейін концерт қойды. Ансамбль шетелдерде де өнер көрсетіп, Алжирде өткен қабылдауда Құрмет мақтау қағазымен марапатталған.

Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстанды ғана емес, қазақ ән өнерін әлемге танытқан санаулы өнерпаздардың бірі. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай және басқа да көптеген елдерде гастрольдік сапармен болып, қазақтың орындаушылық өнерін жоғары деңгейде таныта білді.

Айта кетейік, 2019 жылы Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші журналист Жадыра Сейдештіге үйленген.

Бұған дейін, ҚР Халық әртісі, қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова 96 жасқа толған еді.

Сондай-ақ оқыңыз