Ұлттық банк 2025 жылы Ұлттық қордан қанша қаражат алынғаны жөнінде есеп берді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Ұлттық банк
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк 2025 жылы валюта нарығының қалай құбылғаны және бюджетке бөлінген трансферттер қайда жұмсалғаны жөнінде есепті жариялады.

2025 жылдың қорытындысы: 1 доллар – 525 теңге

Ұлттық банктің дерегінше, желтоқсан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 505,73 теңгеге дейін 1,3 пайызға нығайған. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір ай ішінде 280 млн АҚШ долларынан 359 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 7,9 млрд АҚШ долларын құраған.

«Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін 3,7%-ға нығайды. Сауда-саттықтың жиынтық көлемі жылдық есеппен 15%-ға ұлғайып, 63 млрд АҚШ долларын құрады», – делінген хабарламада.

Ұлттық қордан қанша қаржы алынды

Республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мақсатында 2025 жылғы желтоқсанда Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларына валюта сатылған.

Бұл жалпы сауда-саттық көлемінің 5 пайызын немесе күніне шамамен 18 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы алғанда, 2025 жылы Ұлттық қордан 8,2 млрд АҚШ долларына валюта сатылған.

«Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттерді конвертациялау бойынша алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 350 млн АҚШ долларынан 450 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді. Операциялар аясында желтоқсанда 475 млрд теңге алынды. 2025 жылы айналау операциялары аясында алтын-валюта резервтерінен сатылған валюта көлемі 7 млрд АҚШ долларын құрады», – делінген хабарламада.

2025 жылы игерілмей қалған өтімділікті ескере отырып, болжамды эмиссияны бейтараптандыру және алтын бағасының өсуі аясында 2026 жылдың I тоқсанында шамамен 1,1 трлн теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр. Желтоқсанда Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның «қауіпсіздік жастығы» – Ұлттық қорға 11 айда 10 трлн теңге түскенін жазған едік. Соның 6,4 трлн теңгесі – қорды 9 ай басқарудан түскен алынған инвестициялық табыс. Бұл туралы Қаржы министрлігінің есебінде жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз