Президент спортпен шұғылданып 9 келі салмақ тастағанын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулығы жақсы екенін және спортты күнделікті өмір салтына айналдырғанын мәлімдеді. Бұл туралы президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтты.

Президенттің сөзінше, қазіргі таңда қан қысымы қалыпты, өзін сергек сезінеді. Күн сайын йогамен айналысуды әдетке айналдырған. Сонымен қатар бұрынғы кәсіби спортшымен аптасына екі рет үстел теннисін ойнайды.

«Расымен, тоғыз келі салмақ тастап, өзімді әлдеқайда жайлы сезінетін болдым», – деді Тоқаев.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері басшылары да спортқа жақын екенін атап өтті. Оның айтуынша, жуырда Бішкекте өткен бейресми іс-шарада Ресей президенті Владимир Путин жас дзюдошыға қарсы әдемі әдіс қолданып, аға буынның абыройын асқақтатқан. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үнемі жаттығатын, кәнігі спортшыға тән тәртіпті ұстанады. Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров футбол ойнайды, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаттығу залында шынығады. Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян велосипед тебуді ұнатады. Беларусь президенті Александр Лукашенко әлі күнге дейін хоккей ойнайды. Бұрын теңіз-әскери күштерінде қызмет еткен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да шыныққан, денсаулығы жақсы.

«Бір сөзбен айтқанда, әріптестерімнің бәрі де бабында», – деді Президент.

Сондай-ақ Тоқаев «келесі лауазымына» қатысты алып-қашпа әңгімеге пікір білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз