Қаңтар оқиғасына 4 жыл: кімдер сотталды

2022 жылғы Қаңтар оқиғасына бүгін төрт жыл. Ресми дерек бойынша, сол күндері елде 238 адам қаза тапты. Ішінде күштік құрылымдардың 19 қызметкері бар. Содан кейін бірқатар шенеунік, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскерилерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, кейіннен сот үкімі шықты. KursivMedia төрт жылда кімдердің қанша жылға сотталғанына шолу жасады.
ҰҚК басшылығы сотталды
Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетін Кәрім Мәсімов басқарды. 5 қаңтардағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін отставкаға жіберілді.
8 қаңтарда Мәсімовтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен өзге де тұлғаларға мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылғанын мәлімдеді. Мәсімов 6 қаңтарда уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҰҚК басшылығына қатысты сот процестері жабық өтті. Үкім 2023 жылдың сәуірінде шықты. Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Кәрім Мәсімовті 18 жылға соттады. Сот үкіміне сай, Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.
Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды.
Самат Әбішке қатысты іс
Алайда Мәсімовтің бірінші орынбасары болған Самат Әбіш бұл іске қатыспады. Оған қатысты іс тек 2024 жылы сотқа жетті.
Айта кетейік, Самат Сатыбалдыұлы Әбіш – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ол 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылды.
2024 жылдың наурызында Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде сотталды. Сот үкіміне сәйкес, ол шетелге шыға алмайды, пробациялық бақылауда болады.
Депутат Ермұрат Бәпи мұны «8 жылға шартты түрде соттау – күлкілі жағдай. 30 жылда Қазақстанның тарихында болмаған. 8 жыл шартты мерзім – бесіктегі бала күлетін жағдай» деп атады.
Ішкі істер министрі сотталды
Қаңтардан кейін шартты жаза алғандар мұнымен бітейді. Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «өкілетін асыра пайдаланғаны» үшін кінәлі деп танылып, бес жыл шартты жазаға кесілді.
Айта кетейік, Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылған. 2024 жылдың сәуірінде ұсталған.
Мұрат Бектанов ісі
Қаңтар оқиғасынан кейін президенттен сын естіген қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды. Үкім 2023 жылдың наурызында оқылды. Соған сәйкес, Бектанов билікті асыра пайдаланды деп танылды. Экс-министрге қатысты іс те «жабық» қаралды.
Алматыда 44 адам сотталды
Қаңтар оқиғасынан кейін «Дикий Арман» лақапатымен танымал Арман Жұмагелдиев, бұрын депутат болған Қайрат Құдайберген және ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақовқа және тағы 40 адамға қатысты тергеу басталды.
Араға бірнеше жыл салып, Арман Жұмагелдиев 20 жылға, Қайрат Құдайберген 8 жылға, Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Олар бір топ адамды ұрып-соғып, күштеп ұстады деп айыпталды. Бас прокуратура мәліметінше, Жұмагелдиев 24 адамды ұрлап, Алматыдағы Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Ал 6 қаңтарда «Қазақстан» қонақүйіне келген жақтастарына Glock және Макаров тапаншаларын таратқан.
4 жастағы Айкөркемнің өлімі
Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған төрт жастағы Айкөркем Меделханның өліміне кінәлі деген айыппен әскери қызметкер 7 жылға сотталды.
Бастапқыда сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты әскериді ақтаған.
Сот процесі іс материалдарында жариялауға жатпайтын құпия құжаттардың болуына байланысты жабық режимде өтті.
Азаматтарды азаптаған полицейлер
Полиция қызметкерлеріне бірнеше өңірде қылмыстық іс қозғалды. Олар Қаңтар кезінде азаматтарды азаптады деп айыпталды. Соның бірі – Талдықорғандағы іс.
2022 жылы 6 қаңтарда бес полицей азаматтық киім киіп, қалалық полицияның әкімшілік ғимаратында 23 күдіктіні азаптаған. Сотта полицейлер кінәсін толық мойындап, келген зиянды өз еркімен өтеп берген. Бес адамның төртеуінде кәмелетке толмаған балалары бар. Сот бәрін ескеріп, оларды 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Одан бөлек Алматы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Берік Әділбеков мен тағы да бірқатар полиция қызметкері сотталды. Жалпы алты адам үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Оларға «лауазымын асыра пайдалану» және «азаптау» бабы бойынша айып тағылды. Істе 44 жәбірленуші бар.
Археолог Жағыпаров оққа ұшты
Археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсаланов Алматыдағы Республика алаңында қаза тапқан. Қапсалановқа төрт оқ тиген, Жағыпаровтың денесінен 10-нан астам оқ жарақаты табылған. Үш оқ денесінде қалып қойған.
Жағыпаровтың денесінен автомат соққысының іздері, көптеген жарақат пен көгерген жерлер анықталған. Ол бұл жарақаттардың бәрін тірі кезінде алған.
Қылмыстық іс бойынша сот үкімі 2025 жылдың ақпанында шықты. Әскери сот Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінде подполковник болған Айтжан Әубәкіровті «билiктi асыра пайдалану» бабымен кінәлі деп танып, 7 жылға бостандығынан айырды.
Әуежайды басып алу ісі
Әуежайға қатысты іс бойынша үкім 2023 жылы шықты. Сот үкіміне сәйкес, журналист Айгерім Тілеужанова 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп танылды.
Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жанайдар Карменов әуежайға шабуыл жасады деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Іс қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздік»), 269-бабы («ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу») бойынша қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, Алматы әуежайында 313 млн теңгеге залал келген, Air Astana – 5 млн теңге, SCAT – 1 млн теңге, ал кәсіпкерлік субъектілері 414 млн теңге зардап шеккен.
Жансейіт Түймебаевтың жалғыз ұлы қаза тапты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар Алматыда 6 қаңтар кешке сағат 18:35 шамасында көлігімен үйіне қайтып бара жатқан. Назарбаев көшесімен жоғары қарай жүріп келе жатқанда Сәтбаев көшесіне жетпей қиылыста тоқтаған. Осы уақытта белгісіз біреулер оқ жаудырған.
Сотта көлікке оннан аса оқ атылғаны айтылды. Елнар Қансейітке екі оқ тиген. Жас жігіт алған жарақатынан қайтыс болды.
Іс әскери сотта қаралды. Аға сержант Серікбол Мұратхан 6,5 жылға бас бостандығынан айырылды.